Вашингтон Сирияға соққы беретінін ескертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтон Сирияға соққы беретінін ескертті

13.03.2018

Америка Құрама Штаттары Сирия армиясына әскери соққы беруі мүмкін. Мұны АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты елшісі Никки Хейли ескертті. «Егер Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Шығыс Гутада Сирия армиясының сұрапыл шабуылдарын тоқтата алмаса, біз әрекет етуге әзірміз», - дейді америкалық дипломат. Сонымен қатар, ол бейбіт халықты қырғынға ұшыратып, госпитальдер мен жедел жәрдем машиналарын, клиникалар мен үйлерді бомбалап жатқан Асад әскерінің артында Иран мен Ресей тұр деп мәлімдеді.

Сирия әскері мен оның одақтастары Дамаск түбіндегі Шығыс Гутаны 2013 жылы қоршауға алып, биыл ақпанның 18-де оны бомбалауға кірісті. Ал, қарулы оппозиция бұл анклавты қолдан бермек емес.

Соңғы бірнеше аптада авиациялық және артиллериялық соққылардан  Гутада 1160-қа жуық адам қаза тапты.

Асад пен Ресей болса, бұл операция Дамаскті атқылап тұратын «террористер»  мен діни экстремистерді жою үшін қажет дейді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу