Австралияның Сидней қаласында аптап ыстық. Мұнда температура 47,3 градусқа дейін көтерілді. Жергілікті тұрғындар сынап бағанасының осынша жоғарылағанын 1939 жылдан бері көрмеген.
Адамдар жағажайларға барып, суға түсіп, көлеңке іздеп әлек. Пенрит қаласында да күн шыжып тұр. «Sydney Morning Herald» газетінің хабарлауынша, онда 7 мыңға жуық үйде ыстықтан жарық сөніп, жолдарда бағдаршамдар істен шығып, көлік қатынасы тежелген.
Осыдан бірер сағат бұрын келіп түскен деректерге қарағанда, елдегі атақты жерлердің бірі «Көк тауға» шықпақ болған француз туристінің басынан күн өтіп, ауруханаға түскен. Жергілікті билік болса, адамдарға қауіпті жағдай қалыптасқанын ескертіп, далада от жағып, тамақ пісіруге тыйым салып отыр.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ