Иранда енді үкіметті жақтаған мыңдаған адам шеруге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иранда енді үкіметті жақтаған мыңдаған адам шеруге шықты

03.01.2018

Иранда енді үкімет жақтастарының шеруі өтіп жатыр. Дегенмен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі бұл мемлекеттегі жағдайға байланысты мәжіліс өткізуді жоспарлап отырған жоқ. Мұны Қазақстанның осы ұйымдағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Астананың Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығы басталғанда мәлімдеді.

Бүгін Иранның бірнеше қаласында халық үкіметті жақтап шеруге шықты. Ол марштарға сан мың адам қатысқан. Жергілікті мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, мұндай акциялар Керманшах, Илам, Горган тәрізді шаһарларда өтіп, онда жұртшылық қолдарына мемлекеттік ту мен Аятолла Хаменейдің портретін ұстап шықты. Демонстранттар рухани жетекшіні жалғыз қалдырмайтындарын ұрандата жариялады. Мұның алдында Хаменейдің өзі мәлімдеме жасап, Иранда қалыптасқан жағдай үшін сыртқы күштерді айыптаған еді.

Аятолла Әли Хаменей, Иранның Рухани жетекшісі:

- Дұшпандарымыз мүмкіндік іздеп отыр. Соңғы күндердегі оқиғаларға қараңыздар. Ислам Республикасымен қастасқандарда ақша да, саясат та, қару да, барлаушы аппаратурасы да бар. Олар Ислам режимі мен Ислам Республикасының тұрақтылығын теңселткісі келеді.

Иран Ислам Республикасында алты күнге созылған көтеріліс кезінде 21 адам қаза тауып, бір Тегеранның өзінде 450 кісі тұтқындалды. Тағы жүздеген демонстрант өзге қалаларда ұсталды. Олардың кейбірі өлім жазасына кесілуі мүмкін. Толқулар елдің барлық провинцияларына тарап, тәртіпсіздіктерге ұласты. Полиция бекеттеріне шабуыл жасалды.

Твиттер: Манифестанттарды АҚШ президенті Дональд Трамп қолдап, ирандықтардың ішер ас пен бостандыққа мұқтаж екенін атап өтті. 

Наразылық акциялары тауық еті мен жұмыртқаның 40 пайызға қымбаттауынан басталды. Кейін шерушілер саяси ұрандар көтеріп, үкіметті коррупция үшін және Сирия, мен Ирактағы, Йемендегі соғыстарға қаржы шығындап, ел жағдайын ойламады деп айыптады. Ал, Президент Хасан Рухани мәлімдегендей, ирандықтар билікке тек экономикалық талаптар қойып отырған жоқ.

Хасан Рухани, Иран президенті:

- Жұрттың проблемасы жалғыз экономика ғана емес. Адамдар ақша бер, нан бер, су бер деп көшеге шыққан жоқ. Олардың өзге талаптарының бірі – еркіндік.

Айта кету керек, Иран 2015 жылы алып державалармен жасалған ядролық келісім нәтижесінде халықаралық санкциялардан босатылды. Алайда, бірқатар сарапшылардың пікірінше, одан қарапайым халықтың жағдайы түзеле қойған жоқ. Мәселен, бүгінде елдегі жұмыссыз жастар қатары 29 пайызға жақындап отыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу