Дамаск маңынан жүздеген адам көшіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дамаск маңынан жүздеген адам көшіріліп жатыр

27.12.2017

Сирия астанасы Дамаск маңында медициналық эвакуация басталды. Шығыс Гута деп аталатын бұл ауданда 400 мыңдай адам тұрады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, соның ішінде 500-ге жуық адамға шұғыл дәрігерлік көмек көрсетілмесе, олар қайтыс болуы мүмкін. Сондықтан, халі мүшкіл тұрғындарды дереу көшіру қажет болып отыр. Өміріне қауіп төніп тұрғандардың 130-ы – балалар.

Айта кетсек, Шығыс Гута – оппозициялық күштердің бақылауында. Оны Сирия армиясы өзіне қайтару үшін төрт жылдан бері қоршауда ұстап тұр. Қызыл Крест ұйымының ескертуінше, бұл анклавта өмір сүру мүмкін болмай бара жатыр. Үкімет пен Ресей ұшақтарының бомбалау операциялары нәтижесінде, мұнда азық-түлік жеткізу қиындап, халық қазір аштыққа душар болып отыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу