Ресей Сирияда теңіз базасын 49 жылға, ал, әуе базасын белгісіз мерзімге қалдыратынын жариялады. Сонымен қатар, Мәскеудің Араб Республикасына соңғы екі жылда ондаған мың жауынгер жібергені белгілі. Бірақ, соғыс аяқталуға жақындап қалса да, Сирия оппозициясы Сочиде келесі айда өтуі тиіс келіссөздерге қатыспайтынын ескертіп отыр. Ресей Сирияда тұрақты түрде қалдыратын екі әскери кешеннің бірі – теңіз, екіншісі – әуе базасы. Оларды Араб Республикасында әрі қарай сақтау туралы келісімді Мемлекеттік думаның ратификациялағанын Мәскеуде елдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мәлімдеді. Мақұлданған құжатқа сәйкес, Сирияның Жерорта теңізі жағалауындағы Тартус портында орналасқан теңіз базасын Ресей тағы 49 жыл пайдаланып, қажет болса, бұл мерзімді тағы соза алады.
Сергей Шойгу, РФ Қорғаныс министрі:
- Өткен аптада Бас қолбасшы Тартус пен Хмеймимдегі базалардың құрылымы мен штатын бекітті. Сондықтан, біз ол жерлерде тұрақты қалу процесін бастап отырмыз.
Әскерилердің мәліметінше, Ресей өзінің Жерорта теңізіндегі жалғыз флоты – Тартуста 11 соғыс кемесін ұстайды. Олардың қатарында ядролық қарумен жабдықталғандары да бар. Ал, Хмеймимдегі әуе базасын Мәскеу қанша уақыт қолданғысы келсе, өзі біледі. Айта кету керек, дәл осы жерден Ресей ұшақтары әуеге көтеріліп, Сирия оппозициясының позицияларына екі жылда мыңдаған соққы берді.
Жалпы алғанда, Мәскеу президент Башар Асад армиясына көмекке ондаған мың жауынгер жөнелткен. Мұны министр Шойгу жақында алғаш рет ашық мәлімдеді.
Сергей Шойгу, РФ Қорғаныс министрі:
- Сирияда баға жетпес соғыс тәжірибесін Ресей армиясының 48 мыңнан астам сарбазы алды. Олардың 14 мыңнан астамы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Тактикалық-оперативтік экипаждың 80, армия авиациясының 90 пайызы 100-120 рет әскери мақсатпен аспанға көтерілді.
Ресей әскері Сирияға 2015 жылы қыркүйекте кірді. Соның нәтижесінде осыдан екі жыл бұрын күйреуге шақ қалған Сирия армиясы қазір жеңіске жақындап отыр. Енді Кремль бұл мемлекетте саяси тұрақтылық пен бейбітшілік орнату мақсатында қаңтардың 29-30-ы күндері Сочиде келіссөз өткізуді жоспарлап отыр.
Алайда, бүгін «Ассошиэйтед Пресс» агенттігі хабарлағандай, оған Сириядағы 40 көтерілісші топтың өкілдері қатыспайтынын ескертті. Өйткені, олардың сөзінше, Мәскеу Сирия оппозициясына «Асад биліктен кетсін деген талаптарыңнан бас тартыңдар» деген ұсыныс айтқан.
Арыстан РЫСБЕК