Тoyotа жасанды сана мен робот техникасын дамытуға 1 млрд доллар бөледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тoyotа жасанды сана мен робот техникасын дамытуға 1 млрд доллар бөледі

07.11.2015
Тoyotа   жасанды  сана мен  робот техникасын дамытуға 1 млрд доллар бөледі
Тoyotа   жасанды  сана мен  робот техникасын дамытуға 1 млрд доллар бөледі

Жапонның Тoyotа корпорациясы жасанды сана мен робот технологиясына мықтап көңіл бөле бастады. Компания 2016 жылдың қаңтарынан бастап Силикон алқабында, Стэнфорд университетінің жанынан 200 қызметкері бар зерттеу орталығын ашуды көздеп отыр. Бұл туралы Toyota Motor корпорациясның президенті Акио Тойода мәлімдеді. Оның айтуынша корпорация алдағы бес жылда жасанды сана техникаларын зерттеу мен даярлауға 1 млрд доллар бөлмекші.

Жапондар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Компания АҚШ-та Массачусетс технология институты жанынан екінші зертхана ашуды да жоспарлапты. Осы зерттеу жұмыстарын үйлестіру үшін Toyota Research Institute Inc деп аталатын жаңа компания да құрылып жатыр. Бұл құрылымды Джайлз Пратт басқармақ. Нәтижесінде корпорация 5 жылдан кейін «ақылды» автомобиль жасап шығаруды көздейді. Жаңа көліктер алдын ала орнатылған бағдарламалар нәтижесінде өздігінен жүретін болады. Жүргізушінің қажеті де болмай қалуы ғажап емес. Алайда, Toyotа мұнымен ғана шектелмек емес. Корпорация қарт адамдарға серік болатын роботтар жасауды да жоспарлап отыр. Бұл роботттар жалғызілікті жандарды қалаған жерлеріне жеткізіп салады немесе алып келеді. Тіпті, қажет болса әңгіме-дүкен де құрады.

Жалпы, көлік өнеркәсібіндегі жетекші компанияның заманауи технологияларды пайдалануға ұмтылуы соңғы кездері күрт күшейді. Toyotа қыркүйек айында өздігінен жүретін көлік жасау мәселесін зерттеуге 50 млн доллар бөлген болатын. Ал, өткен жылы сутегімен жүретін жаңа көлікті жасап шығарған еді.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу