Елімізде халық ең көп тұтынатын азық-түлік бағасы шарықтап кеткен. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кезекті отырысында Ұлттық экономика министрі айтты. Осы ретте Руслан Дәленов нақты 10 ішіп-жемді атады. Яғни, пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан құны барлық өңірде қымбаттаған. Салдарынан инфляция өскен. Қазір бұл көрсеткіш 5,4 пайызға жетіп отыр.
Министр келтірген мәліметке сәйкес, бағаның өсуіне реттелмеген өндіріс, тиімсіз делдалдар санының көп болуы, сақтау шарттарының орындалмауы, тұтынушыға дейін кепілденген жеткізу арналарының жоқтығы себеп болып отыр. Сондай-ақ, Еуразиялық Экономикалық Одақтық бірыңғай нарығы аясында бір елдегі бағаның өзгерісі өзгесіне де әсер етуде. Осының бәрін жіпке тізген жауапты ведомство басшылары әлеуметтік маңызы бар 10 тауардың бағасы жіті қадағаланатынын және бағаны ұстап тұрудың тың тетіктері әзірленгенін айтты.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Біріншіден, ағымдағы жылдың 16 тамызда Ішкі сауда ережесіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-дан аспайтын сауда үстемелерін белгілеуді көздейді. Екіншіден, биыл 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың типтік ережелері күшіне енді.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ