Елімізде 160 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алып үлгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 160 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алып үлгерді

06.05.2019

Атаулы әлеуметтік көмектің көлемі көбейтілсе, екі қолға бір күрек табылса, және басты проблема – баспана мәселесі шешілсе. Бұл – бүкіл елдің мұң-мұқтажы. Екі ай бойы жер-жерді аралап, Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндірген Үкімет мүшелерінен құралған жұмыс тобы бүгін сапарларын қорытындылады. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ, 160-қа жуық елді мекенге барған. 300-дей адамды жеке қабылдап, бұқараның базынасын тыңдаған. Тұрмысы төмен 72 отбасының үйіне арнайы бас сұғып, тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Әлеуметтік көмекке мұқтаждың көбі – толық емес отбасылар. Себебі әр екінші әйелді күйеуі тастап кеткен. 4-5 тіпті, 6 баласымен. Бала-шағасын аямаған, бір тиын төлемеген. Бар ауыртпалықты жалғыз анаға тастап кете барған. Жұмыс тобымен кездескен жалғызілікті аналардың жан айқайы – бұл.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Мысалы, қазір алимент бойынша азаматтардың 5,2 млрд қарызы бар. Осыны өндіру мүмкін емес екенін айтып отыр. Біз осы мәселені Бас Прокуратура, Жоғарғы Сот, басқа да құзырлы мекемелермен кездесіп, қарастыратын боламыз.

Атаулы әлеуметтік көмектен әркімнің-ақ бар дәмесі. Алайда, ол ең алдымен көп балалы отбасыларға төленеді. Бүгінде 160 мың отбасы осы көмекті алып үлгерген. «Атаулы әлеуметтік көмек берілерде отбасының ауладағы шөп-шалам, құс-иті және жиһаз-мүлкі есепке алынбайды. Мұның барлығы – қаңқу сөз»,-деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Кейбіреулері айтады, алып жатқан табысты мүлдем есептемеу керек деп. Ондай болмайды. Масылдық деген болмау керек. Табысты біз міндетті түрде есептеуіміз керек. Егер біз табыстың барлығын алып тастайтын болсақ, қазіргі 330 млрд теңгеге қсымша 500 млрд теңге керек болады.

Елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар. Оның дені – өз үй, өлең төсегі болғанын қалайды. Өткен айда 300-дей отбасы қоныс тойын тойласа, осы айдың соңына дейін 1000-нан астам отбасы пәтер кілттерін алмақ.

Медицина саласында да қордаланған түйткілдер аз емес: ауруханалардың 60% тозған, ем-дом жасайтын заманауи құрал жабдықтар жоқ, дәрігерлер қат. Әсіресе, алыстағы ауылдарда. Аталған олқылықтар алдағы 3 жылда шешімін табады,-деді Елжан Біртанов. .

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- 400-ден астам медұйымдар соғылатын болады 3 жылда. Қазіргі таңда 49 көшпелі медкомплекс жұмыс жасауда. Оған қосымша биылдан бастап 18 комплекс соғылып, іске қосылады. Сонымен қатар, медициналық пойыздарды жібереміз.

Қысылып-қымтырылып үш маусыммен оқып жатқан мектептердің мәселесі де алдағы 3 жылда шешіледі. Бұл – еліміздің басты ұстазының жүзден астам білім ұйымына барып, 6 мыңдай педагогпен кездескенде анықтаған басты проблемасы.

Қысқасы, өңір-өңірді аралап, халықтың тұрмыс-тіршіліктерін өз көздерімен көрген жұмыс тобы, халықтан түскен талап-тілектер мен сын-ескертпелердің барлығы ескерілетінін айтты. Осы ретте, 2020 жылдан бастап алдағы 5 жылға жаңа бағдарлама жасалынбақ. Заңға және қаржылық мүмкіндіктерге сәйкес, халықтың түйткілдері тарқатылатын болады.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу