Парламент көпбалалы отбасылар мен жастардың баспана мәселесін шешетін заң қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент көпбалалы отбасылар мен жастардың баспана мәселесін шешетін заң қабылдады

30.04.2019

Құжат Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Заң табысы төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мұмкіндік береді. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алғандар немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезек ұйымдастыру қарастырылған.

Көпбалалы отбасыларға тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығының берілгені осы заң жобасының маңызды өзгерістерінің бірі болып саналады. Сенат спикері Дариға Назарбаева қазір құрылыс қарқыны баяу жүріп жатқанын, ол бүгінгі нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алмай отырған айтып, жауапты органдарға бұл мәселені тез арада шешу керектігін, жер учаскесіне кезекте тұрғандарды жер телімімен қамту мәселесін қарастыру керектігін айтты.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының спикері:

- Бұл мәселені шешу үшін бюджеттің ақшасы жетпейді. Бұл дегеніміз - нарықтан инвестициялар тарту керек. Сондықтан құрылысқа қаржы құю үшін, инвесторлар үшін ынталандыру шараларын әзірлеу қажет. Мен алдағы уақытта сіздерден дұрыс шешімдер болады деп үміттенемін.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу