Қазақстанда инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды

22.04.2019

Оны Премьер-Министр Асқар Мамин тізгіндеді. Бүгін Үкімет отырысында елге шетелдік капитал тарту жөніндегі іс-шаралар пысықталды. Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың берген мәліметіне сәйкес, бүгінде жұмыстың жаңа жобасы жасалып, құрамы жасақталған. Оған аталған салаға жауапты ведомстволардың басшылары түгел енеді.

Жоспарға сай, кеңес ілкімді істерді жүзеге асырады. Яғни, инвестициялық жобаларды тиімді іске асыруға қажетті маңызды шешімдерді шұғыл қабылдамақ. Сөйтіп Қазақстанға инвестиция тартудағы өзекті проблемаларды шешіп, жүйелі жұмыстарды бір жерден үйлестіреді. Себебі мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында инвестиция бағытындағы жұмыстарда бірізділік жоқ. Салдарынан елге тартылған шетелдік капиталдың көрсеткіші көңіл көншітпейді. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі: 

- Қазақстанда жалпы инвестициялар ағынының өсуіне қарамастан таза инвестициялар көлемі 2016 жылғы 8,5 млрд доллармен салыстырғанда өткен жылы 3,8 млрд долларды құрап, екі еседен көп құлдырады. Сондай-ақ, өкінішке қарай, біздің экономикамыздың шикізаттық емес секторларына тікелей шетелдік инвестициялар олардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігін ғана құрайтынын атап өту керек. Сондықтан бізге сапалы инвестициялар тарту үшін жаңа тиімді тетіктер құру аса маңызды. Бұл саладағы инфрақұрылымды мұқият қайта қарау қажеттілігі туындады.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу