Биыл 12 мың көпбалалы ана көптен күткен пәтер кілттерін алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді. Айтуынша, бүгінде елде 340 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Жоспарға сәйкес, жыл сайын 6 мыңға жуық жалдамалы пәтер көпбалалы отбасыларға беріледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілдетілген пайызбен берілетін 6 мың пәтер тағы бар. Сөйтіп, жеті жылда кемі 40 мыңға жуық жалдамалы пәтер тапсырылмақ. Бұл – бір. Екіншіден, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар және мүгедек балалар күтімімен үйде отырған аналарды жұмыспен қамту мәселесі де шешімін табады. Осы ретте жыл соңына дейін 373 мың жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Біздің жоспарымыз бойынша елде 370 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы керек. Соның ең кем дегенде 85 мыңы осындай отбасы мүшелеріне арналып ашылады. Өткен бірінші тоқсанда жалпы Қазақстанда 32 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Соның 9 мыңға жуығы - көпбалалы аналар үшін.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ