Жалақы жыл сайын инфляция деңгейінде көбейтілуі керек - Бердібек Сапарбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалақы жыл сайын инфляция деңгейінде көбейтілуі керек - Бердібек Сапарбаев

19.03.2019

Жалақы жыл сайын инфляция деңгейінде көбейтілуі керек. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында еңбек қатынастарын реттеу мәселелері туралы баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде жыл басталғалы ең төменгі жалақы 1,5 есеге көтерілген. Нақтырақ айтсақ, 184 мың кәсіпорында 958 мың қызметкердің айлығы 42 500 теңгеге өскен. Сөйтіп, қазіргі уақытта республикада орташа жалақы 176 мың теңгеге жетіп отыр. Жыл сайын жалақы көлемін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуы тиіс деген министр ендігі міндет дер кезінде жалақы беру, еңбекақы қарызын көбейтпеу және жұмыстан жаппай қысқартуға жол бермеу екенін айтты. Бүгінде ел экономикасында 6,6 млн-ға тарта жалдамалы жұмысшы бар екен.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Қазіргі таңда мемлекетіміздегі жалақының қарызы 1 млрд 700 миллион теңге. Оның негізгілері, 75%-ы - банкрот пен сауықтыруда тұрған кәсіпорындарда. Қазіргі кезде біз жергілікті билікпен, прокуратура, құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп жатырмыз. Жалақы қарызын азайту үшін кесте әзірледік. Жалақының қарыздарын азайту үшін.

Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесін құру қажеттілігіне назар аударды. Әкімдер өңірдегі еңбек ұжымдарында әлеуметтік қақтығыстардың туындауына және жұмысшылардың негізсіз жұмыстан босатылуына жол бермеуі тиіс. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің аса маңыздылығын айтқан Премьер-Министр жауапты ведомствоға тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір айдың ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша 5 жылға арналған кешенді Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу