Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту бағдарламасы мамырда іске аса бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту бағдарламасы мамырда іске аса бастайды

28.02.2019

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет отырысында көпбалалы отбасылардың жалдамалы пәтерге ие болу тетіктерін түсіндіріп берді.

Жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтер салынып, 2025 жылға дейін 40 мыңға жеткізу көзделген. Сол кезде кезектегі көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі шешілмек. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көптің көкейіндегі атаулы әлеуметтік көмекке қатысты ақпарат берді.

Бұл - жаңартылған Үкіметтің бір жетінің ішінде екінші рет кездесуі. Дегенмен, министрлердің күлімдеген жүздеріне қарағанда, іске білек сыбана кірісетіндей. Әсіресе, Үкіметке қайта оралған Бердібек Сапарбаев үшін бұл жыл оңай болмайтыны анық. Халықтың да, Үкіметтің де одан үміті көп.

Биылдың шілдесінен бастап атаулы әлеуметтік көмекке бұрынғыдай 570 мыңнан астам адам емес, 830 мың адам ие болады. Көпбалалы бір отбасына берілетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері де, ондай отбасылардың кірісін есептеу тәртібі де өзгереді. Мүгедектер күтімі бойынша берілетін жәрдемақы болса, 10 300 теңгеге артады. Басымдық тұрмысы төмен отбасыларға беріліп отыр. Ал, табысы күнкөріс деңгейінен асқандардың алатыны өзгермейді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Күнкөріс деңгейін көбейттік. Қазір 20 789 теңге болды. Егер содан кем болатын болса, онда сол жанұяның әрбір баласына 20 789 теңге төленеді. Одан кейін егер әрбір жанұяның тұрғынына шаққандағы табыс күнкөріс деңгейінен төмен болса, онда соның айырмашылығы қанша болады, 10 мың ба, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына қосымша төленеді.

Тағы бір жағымдысы, бұған дейін «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлерінің жәрдемақысы, студенттердің шәкіртақысы да отбасының ортақ табысы болып есептелсе, шілдеден бастап бұл талап алып тасталады. Аз қамтылған отбасылардағы 23 жасқа дейінгі оқу оқитын бала үшін де жәрдемақы төленетін болды. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қажет құжаттар саны қысқарып, электрондық «Е-Халық» жүйесі іске қосылады. Шара көп, сондықтан сұрақ та аз емес. Алайда, Бердібек Сапарбаев алдағы апта толығырақ түсіндіріп беруге уәде етті.

Ал, айлығы аз бюджеттік қызметкерлердің жалақысы шілдеден бастап 30 пайызға өсетіні белгілі болғанымен, әр ведомстводағы ең төменгі жалақы көрсеткіші әркелкі. Сондықтан әзірге әр министрдің өз есебі бар. Еліміздің бас мұғалімі нақты қай қызметкерлердің жалақысы өсетінін атап берсе, бас дәрігер сомасын да айтып берді.

Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Білім саласында 500 мыңға тарта адамның жалақысы өседі деп күтулуде. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, методистер, әлеуметтік педагогтар, балабақшалар мен колледждер психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, бухгалтерлер, іс жүргізушілер, еден жуғыштар, күзетшілер, от жағушылар мен электрик, сантехниктер сияқты тағы да басқа техникалық қызметкерлер бар.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Мысалы, мейірбикенің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мыңға дейін көтеріледі. Ал, кіші медициналық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мыңға артады. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің жалақысы да ұлғаятын болады. Жалпы, 225 мыңнан астам медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі.

Елбасының тапсырмасымен жүзеге асатын жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары үшін қаржы Ұлттық қордан алынады. 3 жылда 1 триллион 350 млрд теңгедей бөлінеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары- Қаржы министрі:

- Жалпы, бұл бастамалар үшін қосымша 447 млрд теңгеден астам қаржы тартылады. Бұл қордағы қаражаттың 2-ақ пайызын құрайды. Ал, жалпы қордағы қаражаттың сомасы 21 трлн теңге. Сондықтан бұл бөлінетін ақша инфляцияға кері әсер етпейді.

Үкімет мүшелеріне қойылған талап пен міндет айқын. Премьер-Министр енді тек қағазбастылықтан ада болып, аянбай еңбек етуді тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын сапалы және уақытында іске асыру керек. Үкімет мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша тиімді жұмыс жүргізуі тиіс. Бюрократия мен формализмге жол берілмесін.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу