Елімізде әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің көлемі артуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің көлемі артуы мүмкін

14.02.2019

Бұл туралы бүгін Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмыс тобының кезекті отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты. Қазір жер-жерде халықпен кездесу өткізіліп жатыр. Елдің мұң-мұқтажы тыңдалып, көпбалалы отбасылардың тұратын жерлері жіті тексерілуде. Құрамына мемлекеттік органдармен қатар, сарапшылар және үкіметтік емес ұйым өкілдері кірген жұмыс тобына осы уақытқа дейін өңірлерден 1500 ұсыныс келіп түскен.

Баспана, білім, денсаулық сақтау және әртүрлі бағыттағы әлеуметтік қызмет түрлерін алудың қиындығы. Бұл – халықпен кездесу барысында белгілі болған көпке ортақ көкейкесті мәселелер. Қағазбастылық та қажытыпты қазақстандықтарды. Талап-тілектерді ескерген жауапты министрлік әлеуметтік көмектің форматын өзгертпек.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі:

- Атаулы әлеуметтік көмектің шеңберін кеңейтуді ұсынамыз. Оған әлеуметтік бейімделуге қатысты шаралар енгізіледі және ол барлық өңірде бірдей болады. Сондай-ақ, ерте даму, балалар құқығын қорғау, отбасына қолдау, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне реформа, мүгедектер мен қарттарға көмек сынды шараларды да осыған кіргізсек дейміз. Әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің көлемін көтеру мәселесін де қарастырып жатырмыз. Қазір жан-жақты талдау жүргізілуде.

Әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің дер кезінде белгіленуі де жеңілдейді. Ол үшін Мәдина Әбілқасымова мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін біріктіруді ұсынып отыр. Қажет құжаттар осы жүйеден алынбақ. Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев Үкімет жұмысының басты басымдығы Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткен халықтың әл-ауқатын жақсарту екенін тілге тиек етті.

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Жергілікті органдармен бірлесіп, мына мәселелер қарастырылады: көпбалалы отбасылардың тізімі түзіледі, бастауыш сыныптардағы балаларды тегін тамақпен қамту, қоғамдық көлікте тегін жүру және әкіммен кездесуде айтылған өзге де түйткілді мәселелер есепке алынады. Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуде арендалық пәтерлер қарастырылып жатыр.

Ерболат Досаевтың айтуынша, алдағы екі аптада нақты ұсыныстар Үкіметке беріледі. Қаржы жағы да қамтамасыз етіледі.

Қазақстандықтардың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту – әрқашан мемлекеттің басты назарында. Арнайы жұмыс тобын құрудағы мақсат та - осы. Айта кету керек, бүгінде бөлінген республикалық бюджеттің 45 пайызы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталса, 28 пайызы халықты әлеуметтік қорғауға арналған.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу