Жаңа жыл қарсаңында ел билігінде жаңа тағайындаулар болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жыл қарсаңында ел билігінде жаңа тағайындаулар болды

26.12.2018

Жаңа жыл қарсаңында бірқатар министрліктерде жаңа басшы тағайындалды. Президент Жарлығымен Бейбіт Атамқұлов Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа министрді ұжымға Президенті әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешов таныстырды. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың ведомствоға жүктеп отырған негізгі міндеттері жайлы айтып өтті. Әсіресе, елімізге шетелдік технология мен инвестицияны көптеп тарту, экспорттың көлемін арттыру жұмысына баса мән беру керектігін ескертті. Сондай-ақ, Инвестициялар комитеті мен «Қазақинвест» ұлттық компаниясы бұдан былай Сыртқы істер министрлігінің қарамағында болатын болды.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Елбасының арқасында мемлекетіміз халықаралық аренада елеулі нәтижелерге жетіп отыр.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Бүгін Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігіне еліміздің сыртқы саясатын экономизациялау туралы нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, инвестиция тарту ісіне мән беру керектігін айтты. Мен сіздермен бірлесе отырып, аталған мәселелерді жүйелі, нәтижелі етіп атқарамыз деген сенімдемін. Ел экономикасының дамуына өз үлесімді қосамын деп ойлаймын.

Бейбіт Атамқұловтың бұған дейін атқарып келген Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына Асқар Жұмағалиев жайғасты. Сондай-ақ, бүгін Инвестициялар және даму министрінің атауы өзгертілді. Аталған ведомство Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып қайта құрылды. Жаңа министрлікті Жеңіс Қасымбек басқарады.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу