Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматыға барып, жас ғалымдармен кездесті. Одан кейін техникалық колледждердің білім сапасын тексеріп, студенттермен жүздесіп, олардың пікірлерін тыңдады. Оқытушылардың әлеуметтік жағдайымен де танысты. Сәт сайын дамып жатқан инновациялық технологиялар мен сандық технологияны игеруде нені ескерген жөн, неден кеш қалмауымыз керектігі жөнінде пікір алмасты.
Үкімет басшысының қатысуымен өткен жиында жастар ойын бүкпесіз ашық айтты. Өйткені, жас ғалымдарға арнайы қаражат бөлу қажет. Мәселен, пәнаралық зерттеулерді жүргізуді жолға қою керек. Себебі, 21 ғасырдағы ғылымның өзектілігі әртүрлі пәндердің қосылуы нәтижесінде ашылады. Яғни, жаратылыстану саласы мен қоғамдық ғылымдардың бірге зерттелуі маңызды.
Мақсат Жабағин, Ұлттық биотехнология орталығының адам генетикасы зертханасының меңгерушісі:
- Менің білуімше, Тәуелсіздік кезеңімізде осындай деңгейде Үкімет басшысымен кездесу бірінші рет өтіп отыр. Екі мәселе қаралды, ғылымға қатысты және ғылымға тікелей қатысы болмаса да сол ғылымның қалыптасуына және сол ғылымда жұмыс істеп жүрген адамдардың әл-ауқатына байланысты мәселелерді шешу керек. Әйтпесе, егер экономикалық, әлеуметтік мәселелер шешілмейтін болса, ғалымдардың ойы басқа нәрседе болады да әрине, ғылымның дамуы туралы ешқандай сөз болмайды.
Жас ғалымдар мен тәлімгерлердің әлеуметтік ахуалы түзелмей білім сапасы жақсармайды. Бұл еліміздегі өндірістің өркендеуіне ықпал етеді. Сондықтан, университеттер мен колледждердегі студенттерді 100 пайыз уақытша баспанамен қамту қажет. Мәселен, Алматыдағы 38 жоғары оқу орнында оқитын 140 мың шәкірттің тек 30 пайызы жатақханамен қамтылған. Ал, мегаполисте 81 колледж бар. Оның 22-сі мемлекеттік, 59-ы жеке меншік. Колледжде оқитын студенттердің саны 66 мың. Оның 14 мыңына ғана жатақханада орын бар.
Төлеуғали Тайтөлеев, Энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры:
- Біраз уақыт жолдарына кетеді. Осы жерден пәтер алам десе ол да өте қиын. Мысалы, ол пәтерде тұрса, бір пәтерде 4-5 бала тұрады. Ол да өте қиын. Ондай жағдайда сабаққа да дайындалу өте қиын болады. Сол себептен, жеке меншік оқу орындарында жатақхана міндетті түрде керек.
Көпшіліктің пікірін тыңдаған Бақытжан Сағынтаев бұл мәселелердің оңтайлы реттелуі үшін қала әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеу керек екендігін айтты. Дегенмен, колледждердегі зертханалық құрал-жабдықтарды жаңартуда уақыт жоғалтпау керек. Ол үшін арнайы бағдарлама қажет. Ал, жастардың мәселелерін өз ауыздарынан есту үшін олармен кездесу дәстүрге айналып келесі жылы да жалғасады. 2019 жылы Елордада өтетін басқосуда материалдық мәселелер реттеліп, ғылымды дамытудың нақты тетіктері талқыланбақ.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.