Қазақстан мен Ресей тату көрші ғана емес, стратегиялық әріптес әрі одақтас мемлекеттер. Екі елдің бекем байланысы барша тарапқа үлгі. Бүгін Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде өткен «Қазақстан-Ресей: стратегиялық әріптестіктің көкжиегі» деп аталатын конференция барысында сарапшылар осылай деді. Тұңғыш Президент күні қарсаңында ұйымдастырылған басқосуда екіжақты байланыстардың барысы сараланды. Қазір Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы барлық салада берік дамып жатыр. Тараптар, әсіресе, энергетика, көлік-логистика, қорғаныс, ғарыш және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Екі жақтың халықаралық аренадағы ұстанымдары да ұқсас. Осы мәселелердің әрқайсысын жеке-жеке саралаған отырысқа қатысушылар өзара әріптестіктің әлеуеті зор деген тоқтамға келді.
Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында Ресей тарапынан Қазақстанға салынған инвестиция мөлшері 821 миллион долларға жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 230 миллион долларға артық. Бұл дегеніміз әлемдегі түрлі өзгерістерге қарамастан, елдеріміз арасында көп жылдар бойы қалыптасқан тұрақты ынтымақтастықтың арқасы. Қазір әлемде ғана емес, біздің мемлекеттерімізде де маңызды өзгерістер жүріп жатыр. Сондықтан, олардың барысын осындай отырыстарда, білікті сарапшылармен талқылау қос тарапқа да пайдалы болады.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.