Астана процесінің кезекті раунды 28-29 қараша күндері өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана процесінің кезекті раунды 28-29 қараша күндері өтеді

23.11.2018

Бас қаламыздағы басқосуда Идлиб провинциясындағы ахуал талқыланбақ. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрі кепіл мемлекеттерден алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімдеді. Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, отырыста мигранттардың оралуына жағдай жасау мәселесі қамтылады. Бұдан бөлек, Сириядағы ахуалды түзеу жайы да қарастырылмақ. Бірінші кезекте елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және гуманитарлық салада қолға алу керек шаралар сөз болады.

Астана процесінің ХІ раунды аясында жұмыс тобының алтыншы отырысы да өтеді. Айта өтейік, жұмыс тобы тұтқынға алынғандарды босату, қайтыс болғандардың мәйітін қайтару және із-түзсіз жоғалып кеткендерді іздестіру мәселесімен айналысады.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Бұл кездесуге қалыптасқан дәстүр бойынша кепіл мемлекеттер, яғни Ресей, Түркия, Иранның ресми делегациясы қатысады. Сондай-ақ, Сирия үкіметі мен Сирия қарулы оппозициясының өкілдері шақырылған. Ал, осыған дейінгі басқосуларға бақылаушы ретінде қатысып келген БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистура бұл қызметтен кету жөнінде шешім қабылдады. Сондықтан, қазір жаңа өкіл тағайындалды. Бірақ, бұл келіссөзге бұрынғы команда да қатысуы мүмкін. Себебі, өкілеттікті беру процесін өткізу керек. Сонымен қатар, Йордания мемлекеті де бақылаушы ретінде қатысады.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу