Бүгін Абу-Дабидің тақ мұрагері Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян елімізге ресми сапармен келді. Дәл қазір Ақордада қос тараптың кеңейтілген отырысы өтуде. Мәртебелі қонақты Елбасы алдымен дипломатиялық дәстүрге сай, сән-салтанатпен күтіп алды. Араб Әмірліктерімен дипломатиялық байланыс орнатқанымызға биыл 26 жыл. Қазір бұл ел Таяу шығыстағы негізгі инвесторымызға айналды. Елімізде 250-ден астам қазақ-араб кәсіпорнының жұмыс істеуі осының дәлелі. 21 бірлескен жобамыз тағы бар. Мәселен, Президент сарайының құрылысына арабтар жағы 15 миллион доллар қаржы бөліп отыр. Бұдан бөлек, Қарағанды-Астана автожолын жөндеу жұмысына және «Абу-Даби» кешенін салуға әмірліктер тарапынан миллиардтаған қаржы бөлінді. Былтыр тауар айналымы 2 есеге артып, 643 миллион долларға дейін жеткен. Ал, жыл басынан бері, яғни, алты ай ішінде 143 миллион доллардың саудасы жасалған. Бүгінгі кездесуде де тараптар бірқатар келіссөздер жасаспақ. Атап айтқанда, қылмыскерлерді экстрадициялау, радикализмге тойтарыс беру және мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі құжаттарға қол қойылмақ.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
