Елбасы АҚШ Елшісін қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы АҚШ Елшісін қабылдады

09.01.2018

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Кролмен кездесті. Басқосуда қос елдің қазіргі байланыс жайы талқыланды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапарында талқыланатын мәселелер көтерілді. Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамппен бірге стратегиялық серіктестіктің басым бағыттарында, соның ішінде терроризмге қарсы күрес жүргізу, ядролық қаруды таратпау режимін нығайту саласында, сондай-ақ, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейту бағытында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын айтты. Джордж Крол Елбасы еліміздегі дипломатиялық қызметіне жоғары баға бергені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, Президенттің  алдағы сапары екі мемлекет арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің АҚШ-қа жасағалы отырған сапарымның қарсаңында Сізбен арнайы кездескім келді. 26 жыл ішінде мен АҚШ-тың барлық президенттерімен байланыста болдым. Тұтастай алғанда біз жақсы байланыс орнаттық. Екі елге де пайдалы маңызды құжаттар қабылдадық.

Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Кездесу Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары алдына өтіп отыр. Бұл жақсылықтың белгісі. Қазақ елінің басшысы Жаңа жылдан кейін Құрама штаттарға Дональд Трамптың шақыруымен келетін алғашқы президент. Ресми сапар аясында қос елдің байланысын тереңдете түсу мәселесін қарастырамыз. АҚШ Қазақстанды, оның басшысын, халқын өте құрметтейді. 26 жылда біз үлкен жұмыстар атқардық. Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары тек екі елді ғана емес, халықты да жақындастыра түсетініне сенімім мол. 

Хабарламаларға жазылу