Мемлекет басшысы Ресей Елшісін қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Ресей Елшісін қабылдады

24.01.2018

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісін қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев Михаил Бочарниковқа еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты атқарған жұмыстарына алғыс айтып, Қазақстан мен Ресей қатынасын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Кездесуде Елбасының АҚШ-на жасаған сапары да сөз болды. Ал, ресейлік дипломат Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіндегі белсенді қызметіне тоқталып, Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық – әлем елдерінің Қазақ саясатына берген бағасы деді. Сондай-ақ, ол екі елдің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығының нәтижелері мен алдағы перспективаларын атап өтті. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Михаил Бочарниковті «Достық» орденімен марапаттады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіз Ресейдің Қазақстандағы Елшісі ретінде 11 жыл қызмет атқардыңыз. Бұл жылдар ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас нығайды. Біз дипломатиялық байланыстарымыздың 25 жылдығын атап өттік. Өңіраралық ынтымақтастығымыз дамып, жоғары деңгейдегі сапарлар мен кездесулеріміз жиілей түсті. Біздің серіктестігіміз – мемлекетаралық қарым-қатынастың жарқын мысалы. Біз халықаралық деңгейде бір-бірімізді қолдаймыз. АҚШ-на сапарым кезінде Ресей мен Америка арасындағы қарым-қатынас мәселесіне зор мән бердім. Сіздің атқарған еңбектеріңізге алғыс айтамын. Сізге «Достық»орденін табыстауға рұқсат етіңіз.

Михаил Бочарников, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Қазақстанда 11 жылдан астам атқарған қызметім барысында елдеріңізге деген ризашылық сезімім арта түсті. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы және бұл органға төрағалық етуі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі елдеріңіздің маңыздылығын көрсетіп отыр.

Хабарламаларға жазылу