Қазақстандықтар келер жылдан бастап Біріккен Араб Әмірліктеріне визасыз қатынауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтылды. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов еліміздің Азиядағы сыртқы саясаты туралы баяндады. Отандық құрылыс, жол компаниялары Азия мемлекеттерінде тапсырыс алып, экономикамыздың тамырына қан жүгіртуі тиіс. Ал, елімізге инвестиция құятын Азия мемлекеттері жоқтың қасы, қазақ диаспорасымен жұмысты күшейту қажет,-дейді депутаттар.
Марат Иманқұлов Қырғызстанның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Елдің 2-ші төңкерістен кейінгі алаң-елең күйді басынан кешкен сәттері күні кешегідей көз алдында, сол кезде бауырмалдық танытып, Қазақстан көмекке келді дейді. Еліміздің гуманитарлық көмегі бар, тіпті, Ошта екі мектеп салып бергені айыр қалпақты ағайынның есінде.
Иә, біздің елдің «Көршінің ақысы-тәңір ақысы» деген ұстанымы бар. Батыспен бауырласпыз, шығыспен тамырласпыз. Қазақcтан - жас та болса, бас бола білген, көршіге де, өзгеге де қамқорлық танытып келе жатқан ел. Биыл қаңтар-қыркүйек айларындағы есеп бойынша Қазақстан мен Азия елдері арасындағы жалпы сауда көлемі былтырғымен салыстырғанда, 23 пайызға өскен. Бұл – 13,3 миллиард доллар. 34 елмен халықаралық әскери ынтымақтастықты жүзеге асырып жатырмыз. Алаңдатқан мәселелер де жоқ емес. Бүгінгі таңда ауызсу тапшылығы, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жайы Азия елдері үшін аса күрделі мәселелердің біріне айналып отыр.
Депутаттар Қытайдағы қазақтардың қысым көруі жөнінде БАҚ-та тараған ақпаратқа қатысты сұрақ қойды. Сыртқы істер министрі Қазақстан мен Қытай арасында қауіпсіздік мәселесіне байланысты арнайы отырыс өткенін айтты. Ал, депутат Мәулен Әшімбаев басқа елдерде тұрып жатқан қазақ диаспораларымен өзара қарым-қатынасты нығайтып, оларға тиісті көмек көрсету қажет деді. Шетелдегі қазақ жастарына отандық университеттерде жоғары білім алуына жағдай жасау маңызды. Өйткені, Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі отандастарымыздың білім алуы үшін отандық жоғары оқу орындарындағы квота санын 2 есеге дейін өсіруді міндеттеген болатын. Үкімет сағатында айтылған тағы бір жаңалық, келер жылдың бірінші тоқсанынан бастап қазақстандықтар Біріккен Араб Әмірліктеріне визасыз баруы мүмкін.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Келіссөздер аяқталуға жақын көрінеді. Сондықтан, Еуропалық Одақ бұл мәселеге қатысты оң шешімдерін қабылдау туралы қадамдар жасап жатқан сияқты. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Еуропалық Одақ осы мәселені талқылай бастады.
Қазақстанның Азия елдерімен жүйелі ынтымақтастық орнатуы маңызды мәселе. Кешенді жаңғыру бағдарламасын табысты жүзеге асыруға сеп болады. Сауда-саттық саласында әріптестікті дамытып, инвестиция игілігін көруіміз керек. 2005 жылдан бері ел экономикасына 250 доллар инвестиция тартылған. Бізге инвестиция құйғандардың ондығында тек бір ғана азиялық мемлекет бар, ол Қытай. Сондықтан, жұмысты жетілдіру керек.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, 2050 жылға қарай көшбасшы 20 мемлекеттің ішінде 12-сі Азиядан болады. Сондықтан, алыс-барыс, барыс-келісті жаңа деңгейге шығарып, жақсартқан жөн. «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасының да берері мол. Экономиканы цифрландыруда Оңтүстік Корея, Сингапурмен ортақ табысқа жетуге болатыны айтылды. Осылайша, 3 сағатқа жуық созылған Үкімет сағатында өзекті мәселелер көтерілді.
Индира БЕГАЙДАР