Бүгін Елбасы Ақордада Қайрат Қожамжаровты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Елбасы Ақордада Қайрат Қожамжаровты қабылдады

20.11.2017

«Мемлекеттің ақшасы - халықтың ақшасы». Бүгін Елбасы Ақордада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдаған кезінде осылай деп мәлімдеді. Қазынаның әрбір тиыны мақсатты түрде жұмсалуы керек. Сол үшін барлық ведомство өкілдерді мемлекет ақшасына жауапкершілікпен қарауы тиіс. «Ал, қазына қаражатын қалтаға басқандар лауазымды қызметіне қарамастан, жауапқа тартылады», - деді Елбасы өз сөзінде.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кейінгі жылдардың ішінде жемқорлыққа қарсы күрес үлкен қарқын алды деуге болады. Осы мәселелер жөнінде жаңа заңға қол қойған кезде халыққа қызметкерлерге, лауазымды адамдарға, маған жақын адамдардың барлығына, ешкімге ешқандай жеңілдік болмайды деп айтқанмын. 

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің агенттіктің қызметкерлері, соның ішінде Төрағаның орынбасары осы жарты жылда бүкіл Европа, Америка, Азияның Шығыс елдеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіміздің жұмысын көрсетіп келе жатыр. Сонда сарапшылардың тарапынан ең басты айтылатын нәрсе, Қазақстанда бұл жұмыстың өте қарқынды, үлкен масштабта жүргізіліп жатқаны, ең бастысы, Елбасының саяси жігерлілігін айтады. Сонымен қатар, бүгінгі қабылданған заңнаманың барлығы да қазіргі уақытқа сай. Біз 3400 қылмыстық істі әшкереледік, соның 1000-ы сотқа берілді. Содан 15 млрд. теңге шығын айқындалып, оның бүгінгі күні 11 миллиардын орнына қойдық.  Сондай-ақ, 7 млрд. теңге мүліктеріне немесе басқа да бағалы заттарға тыйым салдық. Жұмыс қарқынды түрде жүргізілуде.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан тағы да айтатынымыз, барлық қызметкерлерге, жергілікті басшыларға, әкімдіктерге мемлекеттің қаржысын үнемдеу керек. Ол қаржығы қожа ретінде қарау керек. Мемлекеттің ақшасы - халықтың ақшасы. Оның барлығын салық органдары да, агенттік те қарау керек, осы жұмыстарды әрі қарай жақсылап жүргізетін болайық.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу