Қазақстандық шенеуніктер бір маркадағы шетелдік қымбат көліктерді түрлі бағамен сатып алуды әлі де жалғастырып жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Кеңес Абсатиров мәлімдеді. «Мемлекеттік органдар бұрынғысынша автокөлік паркін басқа да шетелдік көліктермен жаңартуды доғармай келеді», - деді депутат Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында. Белгілі болғандай, биылғы 9 айының қорытындысында шенеуніктер 6 млрд. теңгеге шетелдік 500 автокөлік сатып алған. Сонымен бірге, санаты мен маркасы бойынша бірдей автокөліктер түрлі бағаға сатып алынған. Мәселен, «Toyota Camry» көлігіне Алматы онкологиялық орталығы қарастырған баға 7,5 млн. теңгені құраса, Жамбыл облысындағы Талас, Сарысу, Меркі аудандары әкімдерінің аппараттары мұндай көлікке 12-ден 14 млн. теңгеге дейін баға белгілеген. Ал, Талдықорған қаласы әкімінің аппараты аталған автомобильді сатып алуға 23 млн. теңгеден астам қаражатты жоспарлап, көлік құнын үш есеге арттырған.
Индира БЕГАЙДАР