Елбасы осы аптада елорда тұрғындарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы осы аптада елорда тұрғындарымен кездесті

30.04.2017

Мемлекет басшысы жоспардан тыс жұмыс сапарында Астананың теміржол вокзалына келді. Президент вокзалдың жұмысымен танысты. Елбасы жолаушылармен әңгімелесіп,  хал-жағдай сұрасты.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев халқы ең көп шоғырланған Сарыарқа ауданына ат басын бұрды. Аялдамада автобус күтіп тұрған халықпен тілдесті. Президентті көрем деп ойламаған  тұрғындар үшін бұл тосын сый болды.

Сонымен қатар, Президент елордадағы көлік кептілісі мәселесіне де назар аударды. Тіпті қажет болса, қала басшылығы шетелдік тәжірибені зертеу керектігін де ескертті.

Ал ОҚО-ға жұмыс сапарын Елбасы «Қазақ халқына мың алғыс» деп аталатын ескерткішті көруден бастады. Аталған монументті облыстың барлық этностары бірігіп, орталай қаржы жинап орнатқан.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа ғимаратын аралап көрді. Қала орталығындағы ескі кинотеатр күрделі жөндеуден өткен. 1 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған. Үлкен залы бар және 20 этно-мәдени орталыққа осы жерден орын берілген. Мұнда атқарылатын жұмыстардың басты мақсаты – тәрбие. Оның ішінде жастар тәрбиесі - басты орында.

Мемлекет басшысы барған келесі нысан – «Голд алюминий зауыты». Мұнда есік терезелерді дайындауға арналған профилдер шығарылады. Ресей, Украина, Қырғыз, Тәжік елдеріне экспорттайды. Ішкі сұраныс та жоғары. Шикізат, Павлодардан алынады. Осы жерде 1000 градусқа жақын температурада алюминийді балқытып әрі қарай қажетті пішіндерін дайындайды. Барлық жұмыс автоматтық жүйеге қосылған.

Сонымен бірге Елбасы өзінің жұмыс сапары барысында облыстың зиялы қауымы және белсенді жастарымен кездесті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбы аясында жиналғандар өз ойларын ортаға салып, болашақ ұрпақ үшін атқарылуы тиіс жұмыстарды талқылады.

Бақытжан ОМАР, Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу