Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің аралық қорытындыларына арналған кеңес өткізді. Кеңес барысында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заң үстемдігін және елдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кеңес барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні халықпен сауатты жұмыс істеуді қалыптастыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
«Жаңа заңнамалық актілер қабылдау нәтижесінде кейбір кемшіліктер мен олқылықтарға жол беріліп жатыр. Бұған жер мәселесіне қатысты заң айқын мысал бола алады. Сондықтан да, жүйелі талдау мен қабылданатын шараларды жан-жақты талқылау негізінде қателіктермен ұдайы жұмыс істеу қажет. Біз саясатымызды жетілдіруге бағытталған қадамдарды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға тиіспіз», - деді Мемлекет басшысы.
Кеңес отырысына ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, ҚР Президентінің көмекшісі Әлихан Смайылов, Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов, Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысты.