Мажарстанда түркітілдес халықтардың құрылтайы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мажарстанда түркітілдес халықтардың құрылтайы өтеді

04.06.2014
Мажарстанда түркітілдес халықтардың құрылтайы өтеді
 
Тамыздың 8-і мен 10-ы аралығында  Мажарстанның Бугац қаласында түркітілдес халықтардың кезекті құрылтайы өтеді. Гиннестің рекордтар кітабына енген шараны жоғары дәрежеде ұйымдастыруға қазір  «Мадияр-Тұран» қоры қызу дайындалып жатыр.
 
Қор өкілдерінің айтуынша, биыл құрылтайға әлемнің 25 елінен 150 мыңнан астам мейман қатысады. 70 адамнан құралған қазақстандық делегацияның құрамында биыл Парламент депутаттары, Торғай өңірінің мажарлары да болады.
 
Мәдени шара барысында қазақ-мажар бауырластығы кеңінен талқыланып, Аттиланың көпшілікке беймәлім қырлары ашылады, деп күтілуде.
 
Левенте Ладвенский, «Мадияр-Тұран» қоғамдық қорының кураторы:
Биылғы құрылтай ерекше болады деген сенімдеміз. Өйткені, Аттила тұрған шатырдың 2-3 есе үлкейтілген нұсқасы және 100-ден астам киіз үй тігіліп, ежелгі салт-дәстүрді қайта жандандыратын боламыз. Шараға Татарстан, Якутия елдерінен меймандар алғаш рет қатысады.Сондай-ақ, мадиярлардың, скифтердің көне дүниесін көрсететін археологиялық, антропологиялық көрмелер, концерттер ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда, бұл түркітілдес халықтарды біріктіретін ерекше мереке болады. 
 
Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу