Еуразиялық интеграция жобасына - 20 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық интеграция жобасына - 20 жыл

28.03.2014
Еуразиялық интеграция жобасына - 20 жыл

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция жобасын жариялағанына  бүгін тура 20 жыл толды. Мәскеу қаласында екі күн бойы өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің вице-премьерлер деңгейіндегі отырысы осы күнмен тұспа-тұс келді.

 
Жиынға Қазақ елінің делегациясын Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастап барды. Кеңес барысында тараптар Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жобасының дайындығын талқылады.
 
Бұл құжатқа сауда саясаты, техникалық реттеу, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, көлік және энергетика, валюталық саясат пен қаржы нарығы сынды сан алуан саладағы интеграцияға қатысты мәселелер енгізілген.
 
Сондай-ақ бүгін Еуразиялық интеграция жобасының 20 жылдығына орай   Мәскеу қаласында арнайы басқосу өтіп, оған қазақ, грузин, армян, молдова сарапшылары да тікелей эфир арқылы қатысты.
 
Евгений Федоров, РФ ФЖ Мемлекеттік Думасының депутаты:
Жалпы түрлі принциптерге негізделген интеграцияның көптеген формасы бар. Қазіргі Еуразиялық интеграция барлық тараптың теңдігіне, өзара түсіністікке құрылған. Біз экономикалық тұрғыда күш біріктіру арқылы ары қарай дамимыз, азаматтардың тұрмысын жақсартамыз. Ең бастысы біздің бірлескен потенциалымыз өте жоғары. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғандай Еуразиялық одақ құруымыз керек.
 
       
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу