Қала іргесіндегі Қосшы ауылында жаңа төселген жолдардың сапасы талапқа сай емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қала іргесіндегі Қосшы ауылында жаңа төселген жолдардың сапасы талапқа сай емес

22.08.2019

Астана іргесіндегі Қосшы ауылында биыл 12 көшенің жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған бюджеттен 2 миллиард 100 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Ал сапасы бойынша биыл құрылған Ұлттық жол активтері сапасы орталығы біраз сын айтты.

Тексеруші компания алдымен жуырда жол төселген Сүйінбай көшесіне тоқтады. Сынама алып, мердігерлермен жұмыстың технологиясы бойынша біраз сөзге де келіп қалды.

ОҢҒАР АЛПЫСБАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:

Мінекей, асфальт мынадай етіп тесілді. Ішінен асфальт жамылғысы шықты. Егер ол толық дұрыс жасалған болса, астындағы жабындысы бірге шығуы тиіс еді. Дегенмен, бетіндегі асфальті бөлек шықты. Яғни астындағы жабындысы мен бетіндегі асфальттың арасында байланыс жоқ. Жолдың сапасы нашар деген сөз.

Бұл көшеге жол былтыр төселген. Жыл өтпей күл талқаны шыққан соң мердігер компания өз есебінен қайта жөндеді. Тас жолдың сапасына қатысты олардың өз уәжі бар.

Арман Жұмағұлов, Целиноград ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Жолдың астыңғы қабаты толық тексерілген. Талапқа сай екендігін дәлелдейтін құжатымыз бар. Бұл 4 санаттағы көше. Ауыр көліктерге арналмаған. Ал бұл көшемен 40 тонна артқан көліктер жиі жүреді.

Одан соң өзге көшедегі жол құрылысын көруге бардық. Жұмыс қызу. Жол жабындысының бірнеше қабаты төселіп қойған.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бұл жол жаңадан салынып жатыр. Арнайы технологиясы бар. Алдымен мынадай құмды тас төселуі керек. Қалыңдығы 20 сантиметр. Одан соң қиыршық тас төселген. Бұл қиыршық тастың да 2 түрі болатын көрінеді. Себебі асфальт пен жердің арасын бекітіп тұрады. Сондықтан одан кейін қара қиыршық тас төселген де, үстінен асфальт төселген. Дегенмен, тексеруші компанияның бұл жерде де ескертпесі бар.

Әйгерім Жылқыбаева, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК бөлімінің басшысы:

Бұл ұсақталған құм жоба барысында бастапқы жобаға кірмеген құм. Бұл материалдың орнына бастапқыда жол жамылғысының негізінің төменгі қабатына фрезерлі асфальтобетон қоспасы бар табиғи құм қиыршық тасы қолданылуы керек. Оның серпімділік модулі 130 болуы керек. Жоба бойынша. Енді ауыстырылған құмның серпімділік модулі 24 көрсетіліп тұр. Негізі бұл да 130-дан кем болмауы керек.

Мердігерлер болса жобаға өзгерістер ерте енгізілгенін, барлық материалдардың қолданылуына рұқсат берілгенін айтып отыр. Осылайша, қос тарап ортақ шешімге келе алмады.

Замир Сағынов, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК бас директоры:

Басты проблемалардың бірі — салынған жобалардан ауытқу. Жобада бір қиыршық тас салынған болса, оны табиғи тасқа ауыстырған.

Жол сапасы құрылыс барысында тексерілгенімен, сапа орталығы оны қайта салуға тапсырма бере алмайды. Соңғы келісім тапсырыс беруші мен мердігер компанияның арасында болады. Бір өкініштісі, сапасыз жол қабылданса зардап шегетін қарапайым халық.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу