Бүгін Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Жиында бағдарлама аясында екі жарым жыл ішінде тындырылған жұмыстар талқыланды. Мысалы, латын графикасына көшу үкіметтің кезеңдік іс-шаралар жоспарына сәйкес жалғасуда. Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және Ақпараттық жұмыс жөнінде 4 топ жұмыс істейді. 48 оқулық қазақ тіліне аударылды. Оқулықтар еліміздің 113 жоғары оқу орынына таратылды. Сондай-ақ «Туған жер» жобасы бойынша, 1800 мәдениет, білім және спорт нысаны жаңадан салынып, 1,5 мың ғимарат қайта қалыпқа келтірілді. «Қазақстанның киелі географиясы» жобасымен 28 тарихи нысан жаңғыртылды. Сондай-ақ отырыста бағдарлама аясында алдағы кезеңнің міндеттері пысықталды. Мәселен, 4-6 қыркүйек аралығында Елордада Азия қаламгерлерінің бірінші форумы өтеді. Ал тамыздың соңында «Музейдегі түн» жобасы басталады. Осылайша қазақстандықтар әр айдың төртінші сенбісі сағат кешкі 9-дан түнгі 3-ке дейін жергілікті жердегі музейлерді тегін аралауға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек жаңа телевизиялық маусымда мәдениеттану сипатындағы бағдарламалар циклі республикалық эфирлерге шығады. Халықты латын графикасындағы жаңа әліпбиге оқытуға бағытталған бейнероликтер мен бейнелекциялар телеарналарда көрсетіліп, интернетке жүктеледі. Мұнымен қоса, 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Соған орай, Марат Тәжин мемлекеттік органдарға студенттердің қоғамдық пайдалы қызметіне қолдау көрсету шараларын қабылдауды жеделдетуді тапсырды.
Нысаналы ЫҒЫЛ