Долан ауылының тұрғындары мал қорымын жабуды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Долан ауылының тұрғындары мал қорымын жабуды талап етті

13.08.2019

Алматы облысының Долан елді мекенінің тұрғындары қолаңса иіс қолқаны қауып, тынысымызды тарылтты деп дабыл қақты. Жергілікті жұрттың сөзінше, көп жылдан бері ауылдың түбіндегі иістенген мал қорымын Қарасай ауданы әкімдігінің өкілдері жасырып келген. Жерді сатып алғанда бұл туралы ешкім жақ ашпағандықтан, көпшілік иістің қайдан шығып жатқандығын да білмеген.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

Долан ауылының іргесіндегі мал қорымының жанында тұрмыз. Бұл жерде қолқаны қабатын күлімсі иістен бір минут та тұру мүмкін емес. Ал жергілікті тұрғындар осы жерде айлап, жылдап өмір сүріп жатыр. Жалпы, заң нормаларына сәйкес мұндай мал қорымдары елді мекеннен 10 шақырым қашық радиуста орналасуы керек.

Доландықтардың жанайқайы - сасыған иіс шығатын мал қорымы. Жағымсыз иіске әбден тұншыққан тұрғындардың бұл жерді жаптыра алмай жүргендеріне де біраз жыл болған.

Рабиға Айбжанова, Долан ауылының тұрғыны:

Мынаны жаптырыңыздар! Өйткені бала-шаға ауру болып жатыр. Көршінің балалары аллергия болып жатыр.

Айжан Көпбаева, Долан ауылы тұрғындарының кеңесшісі, заңгер:

Тұрғындардың талабы осы - мал қорымын жабу. Өйткені санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Пайдаланып отырған ауызсуға түсуі мүмкін.

Бұл мәселе осылай жиі көтеріледі. Алайда, жұрт бітпейтін қорымның жыры «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып отыр деп ашынды. Ал, жергілікті әкімдіктің өкілдері қорым баяғыда жабылған деген жауап қайырды.

Бақдәулет Нұржанұлы, Қарасай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

Қазіргі уақытта ол жұмысын тоқтатқан. Біз ол жердегі мал қорымын Тұрар ауылына ауыстырдық.

Десек те, тұрғындар бір апта бұрын осында әлі де өлексе тастағандарды бейнетаспаға түсіріп алған.

Енді халық осы мал қорымына өлексе тастап жүрген жүгенсіздерді жазаға тартуды сұрайды. Себебі жағымсыз иістен елді мекеннің қазіргі экологиялық ашхуалы нашарлап, ушығып кеткен. Ауру да көбейген.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу