Маңғыстау облысында мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілері жалақысын ала алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілері жалақысын ала алмай отыр

31.07.2019

Маңғыстауда мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілері тиесілі жалақысын ала алмай отыр. Мәселен, мектепке дейінгі мекеменің қызметкерлері маусым айының ақшасы мен еңбек демалысына төленетін өтемақыны алмаған. Құзырлы мекемелер ұстаздардың арыз-шағымынан хабардар. Білім басқармасы мәселені бір апта ішінде шешуге уәде берді.  

Ақтаудағы балабақша тәрбиешілері маусым айының жалақысын толық алмаған. Араларында шілде айында еңбек демалысына шыққандар бар. Тіпті олар да маңдай терімен тапқан қаржысын әлі алмаған.   

 

Балабақша тәрбиешісі:      

Еңбек демалысына заң бойынша 3 күнде беру керек емес пе? Әлі жоқ. Жазға жоспарлаған шаруаларымыз бәрі күтіп тұр. Үйдің ремонты бар, балалардың киімі бар...і

Шыдамы таусылған педогогтар кәсіподақтан көмек сұрай келді. Мұндағылар да проблеманың барын жоққа шығармады.

 

Тәрбия Баймбетова, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ төрайымы:

Иә, бізде Маңғыстауда бар мұндай мәселе. Жалақының 80 пайызы берілді. Енді 20 пайызы қалды. Жалпы 1 миллиард ақша қалды берілмеген. Мен мыңда бір рахмет айтамын, біздің мұғалімдерге, ұстаздарға шыдамы мықты адамдар.     

Облыстағы мектеп мұғалімдері де маусым айында жалақы алмады. Ашынған ұстаздар еңбек инспекциясына арызданбақшы да болды. Бірақ өткен айдың соңында олардың біразы өтемақыларын алып, жағдай түзелгендей еді. Енді міне, балабақша ұжымдары бас көтерді.

 

Асқар Сейдалиев, Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы:

Ақтау қаласы бойынша және Бейнеу ауданы бойынша айлықтарға қарыз бар. Бұл мәселені біз қаржы басқармасымен күнде сойлесіп отырмыз. Келген салық төлемдерін бәрін ең алдымен осы балабақша мектеп қызметкерлеріне мұғалімдерге береміз.  

«Жалақының кешіктірілуіне салық төлемдерінің уақытылы түспеуі себеп»,- дейді мамандар. Жалпы Ақтауда жалақы алмаған 20-дан астам мектеп және балабақша ұжымы бар. Мәселе бір аптаның ішінде шешіледі  деп сендірді Білім басқармасындағылар.  

 

Аягөз ОРАЛБАЙ

Хабарламаларға жазылу