Тараз қаласындағы көшелердің 60 пайызының тозығы жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз қаласындағы көшелердің 60 пайызының тозығы жеткен

30.07.2019

Жол азабы. Шалғайда жатқан ауыл-аймақ емес, облыс орталығы — Тараз қаласының тұрғындары жол сапасына наразылық білдірді. Тұрғындардың айтуынша, шахар ішіндегі жолдар жыл сайын қазылып, қолайсыздық тудырып отыр. Шағын қаладағы 2 мың шақырымға жуық жолдың 60 пайызының тозығы жеткен. Алайда жергілікті биліктің мәліметінше, биыл соның тек 75 шақырымы ғана жөнделеді.

Тараздағы көшелердің қазіргі сиқы осы. Қазылған жол, шаң-тозаңнан аяқ алып жүргісіз. Әсіресе ой-шұқырдан қашып, көшені айналып жүрген көлік жүргізушілері әбден қажыған. «Тегіс емес жолдарға техника да шыдамай күнде сынады»,- деді олар. 

Бұл көшеде құбыр былтыр ғана ауысытырылды.  Биыл қайтадан астаң-кестеңі шыққан. Жауапты мамандар қаражат толық бөлінбеген соң, жолды жыл сайын жөндеуге мәжбүрміз деп ақталады. 

 

Дамир Айманов, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

38 жобаға 2 миллиардтан астам қаражат бөлінді.  1, 2, 3, 12 ықшам аудан жолдары, оның ішінде, Байзақ батыр көшесінің, Сатбаев, Қазыбек би, Абай, Төле би даңғылдарының бойындағы көпқабатты үйлердің арасындағы жолдар жөнделетін болады.

Тараздағы көлік жолдарының ұзындағы 1800 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 60 пайызы ескірген.  Жергілікті билік: «Биыл жолдың тек 75 шақырымы ғана жөнделеді»,- дейді. Қалғанына қаражат жоқ. 

 

Сәбит Әлдебай, тілші:

Тараз тұрғындарын жолдағы жайсыздықпен бірге аяламада тұру да әбігерге салуда. Шаһарда осындай 624 автобус аялдамалары бар десек олардың жартысынан астамы қаңырап тұр. Осындай аптап ыстықта   автобус келгенше саялай тұратын аялдамалар хабарландыру тақтасының қызметін ғана атқарып тұр.

Соңғы бес жылда аялдамаларды күтіп ұстау үшін бюджеттен бір тиын да бөлінбеген.  Өйткені бұл нысандар бизнесті дамыту мақсатында кәсіпкерлерге берілген.  Алайда қараусыз қалғаны көп.  Енді аялдаманың бәрі әкімдіктің құзырына қайта өтпек.

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу