Қорықшы Қаныш Нұртазиновты ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қорықшы Қаныш Нұртазиновты ақтық сапарға шығарып салды

26.07.2019

Ақмола облысының Жарқайың ауданында браконьерлердің қолынан қаза болған «Охотзоопром» мекемесінің инспекторы Қаныш Нұртазинов бүгін жер қойнына тапсырылды. Ерлікпен қайтыс болған марқұмның жаназасы Жезқазған қаласында оқылып, туған жері Ұлытау ауданындағы Қоскөл ауылына жерленді. Бірінші дәрежелі «Айбын» ордені марқұмның отбасына берілді. Қаныш Нұртазиновтың артында жары мен 4 баласы қалды. Сондай-ақ бүгін Көкшетауда браконьерлерді құрықтау кезінде жарақат алған Самат Оспановқа ІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттік наградаға ұсыну туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Оспановтың кеудесіне орден тақты. Самат Оспанов иығынан жарақат алған. Көкшетау қаласындағы облыстық аурухана дәрігерлері денесіндегі оқтың бөлігін алды. Қазір жағдайы жақсы. Дәрігерлердің айтуынша, келесі аптада үйіне шығарылмақ. Ол «Охотзоопром» мекемесінің инспекторы болып 2012 жылдан бері жұмыс істейді.

 

Самат Оспанов, қорықшы:

Бірінші айтатыным, әріптесіме Қанышқа ата-аналарына көңіл айтқым келеді. Дәрігерлерге  көп рахмет құтқарып алғанына.

 

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

Біз ең бастысы заңдарға қажетті өзгерістер енгізуіміз керек. Ол — бір. Екіншіден, бұлардың материалдық-техникалық жағдайын күшейту керек. Жасыратыны жоқ, үлкен жұмыс жасалып жатыр, дегенмен, әлі де жасалатын нәрсе көп. Енді онымен министрлік айналысатын болады міндетті түрде.  

 

Ербол МӘНДІБЕК

Ермек ЕЛБЕРГЕН

 

 

 

Хабарламаларға жазылу