«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры жыл соңына дейiн 64 нысанды жекешелендіреді. Ал, жалпы, жеке секторға өткізетін актив саны - 106.
«Самұрық-Қазынаның» активтер мен нысандарды сату жөнiндегi комиссияның отырысы барысында жекешелендiрiлетiн компаниялардың тiзiмi бекiтілді. Олар тамыздың 15-iнен бастап сатылмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкiметi 2014-2016 жылдардағы жекешелендiрудiң кешендi бағдарламасын дайындағаны белгiлi.
Осы орайда қордың 100-ден астам активi мен нысаны сатылады. Бағдарлама жеке сектордың үлесiн арттыру арқылы экономиканы күшейтудi көздейдi.
Нұрлан Рахметов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қаржы директоры:
Бізге қажетсіз активтерді шығарамыз. Олар біздің стартегиямызға жатпайды. Ал, Үкіметтің мақсаты - экономикада жеке сектордың үлесін ұлғайту.
Жекешелендiру бағдарламасы басталғалы екi актив сатылды. Олар - «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясының күзет қызметімен айналысатын «МХ-Секьюрити» ЖШС мен «ҚазМұнайГаздың» еншілес бір компаниясы.
Жыл соңына дейін сатылатын активтердің тізімі де дайын.
Нұрлан Рахметов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қаржы директоры:
Тамыз айында 15 актив сатылады. Олардың ішінде 10 актив ҚТЖ-ға, 4 актив «Қазақстан инжиринг» компаниясына, 1 актив «Қазатомөнеркәсіпке» кіреді. Барлық активтер электронды сауда алаңы бойынша сатылады.
Жекешелендіру үшін «Самұрық-Қазына» холдингінің жеке бизнес ретінде қызмет етіп жатқан құрылымдары таңдалды.
Сонымен бірге, ұлттық қордың стратегиялық маңызы жоқ компаниялары да жеке қолға берілмек.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ