Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин «Теңіз» кен орны мен бірқатар мұнай-газ жобаларын аралап, арнайы кеңес өткізді. Осылайша, Премьер-Министрдің еліміздің батыс өңіріне жұмыс сапары жалғасуда. Алдымен құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Теңіз» кен орнының үшінші буын зауытына барды. Мұнда жерасты коммуникациялар жүргізіліп жатыр. Жоба 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. Бұдан соң «Қашаған» кен орны және ондағы мұнай өндіру, әрі қарай тасымалдауды қамтамасыз ететін жасанды аралды көктен бақылады. Кейін кеңес өткізген Үкімет басшысы ірі жобаларда отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алу үлесі артқанын айрықша атап өтті. Алайда «Сол қазақстандық машина жасаушылардың өнімдерін толық кәдеге жарата алмай жатырмыз»,- деген Асқар Мамин, бұл бағыттағы жұмыстың ширайтынын шегелеп айтты.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Тағы да қайталап айтамын, Үкімет тарапынан тиісті шаралардың барлығын қабылдаймыз. Мұнай-газ, машина жасау саласын дамыту бағытында заңға өзгерістер енгіземіз. Бірақ сіздердің тараптарыңыздан да қолдау, белсенді жұмыс керек. Осы ретте мен сіздердің өз басқару құрылымдарыңызды құру үшін локальды контентпен жұмыс істеу туралы мәселені қоямын. Сіздердің көмектеріңізсіз бұл жұмысті істеу мүмкін емес.
Қазіргі күні машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы қабылданған. Онда машина жасау кәсіпорындарының жұмысын ілгерілетудің тың тетіктері қаралмақ. Кеңесте сондай-ақ, жұмысшылардың еңбек жағдайы мен оның қауіпсіздігі сөз болды. Бұдан соң Премьер-Министр өңірдің дамуы үшін маңызды бірқатар зауыттарды аралады.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ