Қызылорда облысы — елімізде балық шаруашылығы бойынша үздік үштіктің қатарында. Биыл жыл басынан бері 2 397 тонна балық ауланып, Ресей, Польша, Голландия, Украина, Әзірбайжан және Қытайға экспортталған Әрине, мұның артында күннің ыстық-суығына қарамай, теңіз жағалаған балықшы қауымның ерен еңбегі тұр. Арал өңірі балықшыларының V cлетінде теңіз тарландарының еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді.
Арал өңірі балықшыларының слеті 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл жолғы салтанатты шарада қысы-жазы дамыл таппай, теңізден маржан сүзген балықшылар Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен және «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ сала үздіктеріне арнайы номинациялар беріліп, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ғалымжан Ысқақов, «Балық шаруашылығы ҒӨО» ЖШС Арал филиалының ғылыми қызметкері:
Бізде 2018 жылы үш жылдық жоба ашылған болатын. Сол жобаның бірі — көксерке балығын өсіру. Мақсат — балықтың табиғи қорын көбейту. 2019 жылы жақсы жетістіктер көрсеттік, нәтижесінде еңбегіміз бағаланып жатыр.
Ақ толқыны жағаға құлаш ұрып, балығы тулаған теңіз 80-ші жылдардан бастап тартылып, аймақта балық шаруашылығы тұралады. Нәпақасын теңізден терген ағайын елден үдере көшті. 2005 жылы Елбасының тапсырмасымен САРАТС жобасының бірінші кезеңі аясында Көкарал бөгеті бой көтерді. Нәтижесінде Кіші арал кемеліне келіп, теңізде тіршілік түрленді. Ауданда балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп, 400-ден 8 мың тоннаға дейін жетті. Бүгінде Арал өңірінде жылдық қуаттылығы 18 900 тонна болатын жеті балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Балық өнімдері ТМД және Еуропа елдеріне экспортталуда.
Төребек Игіліков, кәсіпкер:
20 жылдай болды балық шаруашылығында жұмыс істеп жатқанымызға. Қазіргі таңда ең үлкен жетістіктеріміз өнімдерімізді шетелге шығарып жатырмыз.
САРАТС жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылады. Кіші Арал теңізі қалаға тағы 1 шақырым жақындайды, жылына 30 мың тонна дейін балық ауланады, тиісінше балық өңдейтін зауыттардың жылдық қуаттылығы 30 мың тоннаға жетеді деген болжам бар.
Ақерке БЕРІКБЕК