Мемлекет басшысы халықтың қарыз жүктемесін төмендету шаралары бойынша тапсырма берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы халықтың қарыз жүктемесін төмендету шаралары бойынша тапсырма берді

15.07.2019

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент халықтың несиесін төлеп беру жұмыстарының уақытылы және сапалы орындалудың маңыздылығын қадап айтты. Және Үкіметке бұл жұмысты жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың мәліметінше, арнайы санатқа жататын азаматтардың банктегі берешегін жабу мәселесі осы аптаның соңына дейін шешілмек. Қазір тиісті тізім жасалып жатыр. Одан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен қажетті мәліметтер алынады. Ал өсімпұлдар мен айыппұлдарды өтеу жұмыстары биылғы 1 тамызға дейін аяқталмақ. Оның 70 пайызын қаржы мекемелері өздері өтесе, 30 пайызы Ұлттық банк есебінен жабылады. Ол үшін 17 миллиард теңге бөлінбек. Айта өтейік, бұған дейін бір реттік науқан аясында мемлекет жалпы соммасы 3 миллион теңгеден аспайтын несиесі бар азаматтардың 300 мың теңгесін өтеп беретіні айтылған болатын.  

 

Ерболат Досаев, ҚР ұлттық банк төрағасы:

 

Тізімдерді салыстыру жұмысы осы аптада аяқталады. Ал келесі аптадан бастап шілденің аяғына дейін банктер және микроқаржыландыру ұйымдары проблемалық кредиттер қорымен тиісті келісімдерді рәсімдейді. Ал мемлекеттік кредит бюросы 300 мың теңгеге дейін берешегі кешірілетін азаматтардың тізімін жасайды. Ал айыппұл мен өсімпұлдарды өтеу шаралары тамызға дейін аяқталады.

 

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу