Арыстық 300-ден астам оқушы жазғы демалысты Баянауылда өткізеді. Бүгін 130 бала Павлодарға ұшып барды. Қала ішінде шағын саяхат жасап, әлденіп алған соң олар бірден «Жас дәурен» демалыс базасына аттанды. Жарылыстан зардап шеккен өңір балаларын Павлодардың қарағайлы орманында және тау баурайындағы Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдері жағалауында демалуға аймақ басшысы Болат Бақауов шақырды.
Шымкент пен Павлодар арасы ұшақтағы адамға 1 сағат 40 минуттық жол. Балалар шаршамай жетті. Көбі әуе кемесіне алғаш рет мініпті. Бірақ соның өзі кешегі қауіпті ұмыттыра алмаған.
Ердәулет Махамбет, оқушы:
Бомбалар жарыла бастады. Алыс жаққа ұшып жарылды. Мен ол кезде Қамыссай ауылдарының арасында жүрдім.
Балаларға лагерьде «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен келіп, Павлодарда білім алып жатқан студенттер жетекшілік етеді. Яғни, үйден жырақ шыққан жеткіншектер жабырқап, жат жерді тосырқамауы ескерілді.
Дінислам Болатханұлы, Білім беру басқармасының басшысы:
Мәртебеге бөлмедік. Көп балалы, басқа деген сияқты. Тек қана Арыстан болса болды. Себебі, ол қандай жағдайға байланысты болса да, Арыстан болса болғаны және Павлодарға келуге ниет білдіргенді алып кеттік.
Бір отбасынан 3-4 баладан. Ендігі мақсат оларға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету. Ол үшін арнайы мамандар жұмыс істейді.
Шапағат Құралбайқызы, 4 -курс студенті:
Менің мамандығым педагок-психолог. Мен осы келген оқушыларға болған жағдайды ұмыттыруға, оларды қолдауға тырысамын қолымнан келгенше
Негізі лагерьлерде балалар 15 күн демалады деп жоспарланған. Ал, ата-аналары баспаналарын жөндеп үлгермей жатса, немесе балалар тағы қаламыз деп ұйғарса, демалыс мерзімі шектелмейді.
Болат Аманбаев, тілші:
Аймақта Арыс халқына көмек көрсету акциясы жалғасып жатыр. Енді бірер күнде өңір құрылысшылары жарылыстан зардап шеккен қалаға барып, 450 үйді бастан -аяқ жөндеуге көмектеседі. Ал, ірі өндірістік кәсіпорындар қаржылай көмек береді.
Болат АМАНБАЕВ