Түркістан облысы Келес ауданының дихандары астық оруды бастап кетті. Көктем жауын-шашынды болғандықтан бидай көп жерде бітік шыққан. Агротехникалық талаптарды тиянақты атқарған ірі шаруашылықтардың алды қазір егістіктің әр гектарынан 30-35 центнерге дейін өнім жинап жатыр. Соның нәтижесінде биыл қамбаға жылдағыдан артық дән құйылмақ.
Ошақты ауылындағы мына шаруашылық биыл 170 гектар алқапқа бидай мен арпа сепкен. Арнайы селекциялық ғылыми зерттеу институтынан тұқымның элиталық сортын алып екті. Шаруашылықта жер жырту, тұқым себу және жерді өңдеу секілді жұмыстар дер уақтылы істелген. Соның арқасында қазір қырманға мол астық тасылып жатыр.
Маханбет Қожағұлов өндірістік кооператив басшысы:
- Тұқымы элиталық сорт болуына байланысты өнімі де жақсы болып жатыр.
Орақта жүрген комбаиндардың дені шетелдік. Жаңа техникалардың артықшылығы көп. Бидайды ешбір ысырапсыз жинайды. Шанаққа түскен дәннің тазартылуы да жақсы.
Ілияс Жақсылық комбайншы:
Бункердің сиымдылығы 4 тонна. Арғы басқа 2 барып келгенде толып жатыр. Жалпы техника шетелдікі болғандықтан шашпай төкпей жерден алады. Күніне жақсы жүріп отырсаң 35-40 гектар орамыз.
Жалпы Келес ауданы бойынша биыл 850 гектар алқапқа дән себілді. Мемлекет тарапынан берілетін арзан бағадағы жанар жағар май мен минералды тыңайтқыш та шаруаның қолына уақтылы тиді. Жердің бабы мен күн райының қолайлы кезеңін үйлестіре білудің арқасында аграрлы ауданның диқандары ендігі жерде егістіктің өнімділігін 2,5 есеге ұляғайтпақ.
Абай Жаңбырбаев Келес ауданы әкімінің орынбасары:
- Келес ауданында жылына үш рет өнім алу бойынша ашық алқапта жұмыс жүріп жатыр. Ол - Ошақты, Қошқарата, Алпамыс, Ақтөбе ауыл округтері. Қазір 60-тан астам жоба жүзеге асуда.
Осылайша ешбір кедергісіз ораққа кіріскен диқандар астықты маусымның соңына дейін толығымен жиып алмақ.