Кеңес Одағынан тұралап қалған экономикасы, шегенделмеген шекарасы, қиын саяси-әлеуметтік мәселелері бар мемлекетті мұра қылып қабылдаған ол, тарих үшін қысқа ғана уақытта қуатты елге айналдыра білді. 30 жылға жуық ел басқарған кемел басшысының жарқын жеңістері, тұтас мемлекеттің бағындырған белестеріне айналды.
Назарбаев дәуіріне кейін тарихшылар ең бейбіт әрі жедел даму кезеңі деп бағасын берер. Себебі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары кеңес одағы ыдырап, мемлекеттер тарап жатқан кезде бұрынғы одақтас мемлекеттердің барлығында түрлі шиеленістер болды. Алайда мұндай жайттар Қазақстанды айналып өтті. Көпұлтты Қазақстан өзінің мықты көшбасшысына сеніп, соның артына ерді.
Ғани Қасымов, қоғам қайраткері:
Қазір айту оңай. Алайда сол тұста бәрін басынан бастау керек болатын. Өндіріс, аграрлық сала. Елбасының жеке тұлғалық қасиеті айрықша. Ішкі түйсігі адамға қасиет тән емес дер едім. Қауіп қайда ол сол жерден табылатын. Келісімге де тез қол жеткізетін.
Қиын экономикалық жағдайға қарамастан Президент 1995 жылы елорданы Алматыдан сарыарқа төсіне ауыстыру туралы бастама көтерді. Ол кезде бұл шешім фантастика болып көрінген. Алайда араға екі жыл салып мемлекеттік қызметкерлердің алғашқы көші арқа төсіне келіп жайғасты. Әлем картасында жаңа астана пайда болды. Елорда тәуелсіз еліміздің айбары мен айдынына төрткүл дүние түгел таныған бейбітшілік пен ізгілік ордасына айналды.
Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әлемдік мінберлерден айтылған Қазақстанның ұсыныстары жахандық саясатқа әсер ететін жағдайға жетті. Назарбаев Қазақстанның менталиетін өзгертті. Бір қоғамды бір қоғамға ауыстырды. Экономиканы өзгертті. Халықтың көңіл-күйін өзгертті. Жаңа қоғамдық қарым-қатынастар орнатуға қол жеткізді.
Қазақстан Назарбаевтың президенттігі тұсында жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшудің жемісті үлгісін көрсете білді. Барлық құқықтық, экономикалық механизмдер қалыптасты. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан шет елдік ірі кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, сауда-саттықты жолға қоя білді. Орталық азияға құйылған шетелдік инвестицияның 80 пайызы Қазақстанға бағытталды. 30 жылдың ішінде дамудың «қазақстандық жолы» және «Назарбаев моделі» қалыптасты. Бұл Елбасының батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігінің арқасында келген үлкен жеңіс.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ