Қазақстанда бірыңғай тұрғын үй саясаты жасақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда бірыңғай тұрғын үй саясаты жасақталады

19.06.2019

Қазақстанда бірыңғай тұрғын үй саясаты жасақталады. Бұл баспана мәселесін реттейтін жаңа тетік болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне ресми кірісу рәсімінде жасаған мәлімдемесінде осы мәселеге ерекше екпін берілген еді. Бұл бастама қазір көптің көңілінен шығып жатыр.

 

Әмина Егенбердинова 4 баласын жалғыз өсіріп отырған ана. 10 жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп жүр. Тапқан табысы күнделікті қажеттілігінен аспайды. 

 

Әмина Егенбердинова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

 

Тұрғын үй мәселесі шешіледі деп үміттемін. Біз сияқты жалғызбасты аналарға қолдау көрсетілсе жақсы болар еді. Барлық тапқан тиын-тебенім пәтер жалдауға әрең жетеді.

 

Баспана – қоғамның ең күрделі проблемаларының бірі. Әмина сияқты елімізде тұрғын үйге мұқтаж жандар көп. Мемлекет басшысы дамытудың басты міндеттерінде тап осы салаға екпін беруі бекер емес. Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтауды қолға алмақ. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдауы тиіс. Енді тұрғын үй салатын компаниялар мен әрі оны ипотекаға алатын азаматтарға салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. Қазір Ұлттық экономика министрлігі осы мәселелерді зерттеп жатыр.

 

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

 

Әртүрлі экономика салаларын дамытамыз. Мысалы, кәсіпорындар осы салада жұмыс істейді, біз малый средний бизнесті дамыту үшін тиісті шараларды қабылдаймыз.

 

Тұрғын үй төңірегіндегі түйткілді тарқату үшін қазіргі қолданыстағы бағдарламаларға біраз өзгерту енгізілуі тиіс,- деп санайды белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров. Сосын, баспана берудің жаңа тәртібі түзілуі қажет,- дейді.

 

Ерлан Сайыров, саясаттанушы:

 

Мемлекет түбегейлі түрде жастардың мәселесін шешу үшін бағыт-бағдар құру керек. Ең бірінші көпбалалы аналар. Екінші 25-40 жас аралығындағы жастардың пәтерге қолжетімділік мәселесі. Осы ең түйінді мәселе. Осыны шешу керек.

 

Дегенмен, елде қазір бірқатар жеңілдетілген бағдарлама жұмыс істеуде. Ұстаздар мен мұғалімдерге бөлек, әскери қызметкерлерге жеке, көпбалалы отбасыларға арналған арнайы жоба тағы бар. «Нұрлы жол», «7-20-25», «Хит баспана» сынды бағдарламалардың арқасында баспаналы болып жатқандар аз емес. Алдағы уақытта баспана мәселесін реттейтін тың бастама қолға алынуы мүмкін. Әмина енді сол жаңа жобаның шарапатынан үмітті.

 

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу