Моншадағы емхана. Қарағандыда емдеу мекемесі моншаның ғимаратына көшірілген. Ешқандай талапқа сай келмейтін нысанда жұмыс істеп отырған дәрігерден де, дертіне дауа іздеген жұрттан да маза қашқан. Медицина мекемесінің мұндай күйге түскеніне көпшілік наразы.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Медициналық мекеме ұжымының мына ғимаратқа қоныс аударғаны жұртшылықтың наразы. Себебі, бірінші қабатта монша жұмыс істейді. Ал емхана екінші қабатта орналасқандықтан мұнда келушілерге қолайсыздық туғызып отыр.
Дәлізде иін тірескен көпшілік. Оның үстіне, монша буынан ауасы да қапырық. Отбасылық денсаулық орталығына келетін пациенттердің қарасы қалың. Қуықтай 7 бөлмеде 30 астам дәрігер жұмыс істейді.
Қаламқас Қалиева, қала тұрғыны:
Бұрынғы ғимарат кең, үлкен болатын. Қазір тар. Отыратын жер жоқ. Ауасы қапырық. Моншаның үстінде. Бір кабинетте 3 дәрігер, 5-6 компьютер. Біресе интернет жоқ, біресе жарық жоқ дейді.
Татьяна Крылова, қала тұрғыны:
Ауырып келгендер мына дәлізде қалай тұрады?! Бірнеше дәрігер аядай бөлмеде пациенттерді қарайды. Тіпті ыңғайсыз. Балаларға, кемтар жандарға, тіпті обал. Мұндай жағдайға қалай төземіз?!
Отбасылық денсаулық орталығы Пришахтинск елді мекеніндегі емханаға қарайды. Бұрын-соңды осы ықшамаудандағы жалға алып отырған ғимарат апатты жағдайда. Оны меншіктік құқыққа ие компания жөндеп беруден бас тартқан. Маңайда басқа ғимарат болмағандықтан осында көштік, дейді дәрігерлер.
Сергей Пак, емхананың бас дәрігері:
Бұрыңғы ғимараттың жарамсыздығына байланысты біз осында дереу жөндеу жұмыстарын жасап көшіп келдік. Жөндеу екінші қабаттың тек бір жақ қанатына ғана жасалды. Ал екінші жағын екі айдан соң іске қосамыз. Сонда мұндағы кеңістік екі есеге кеңейеді. Сырттан мүгедектерге арналған жеделсаты орнатылады.
Мекеме 2018 жылдың қаңтарынан бері өңірдегі ірі медициналық компанияның басқаруына берілген. Осы төңіректегі 10 мыңнан астам адамға мемлекеттік тапсырыспен қызмет көрсетеді.
Нәзира Қосжанова, Медициналық компания бас директорының орынбасары:
Октябрь ауданы әкімдігіне біздің компания тарапынан жер сұрап хат жазылды. Бұл осымен екінші рет жазылған хат. Егер өтінішіміз қанағаттандырылса, отбасылық денсаулық орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.
Айта кету керек, қаланың бұл аумағында арнайы салынған отбасылық денсаулық орталығы болған емес. Ал оның құрылысы жуық арада басталмайтын сыңайлы. Шарасыз жұрт бұл мәселені жергілікті биліктен тездетіп шешіп беруін сұрайды.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ