Жан сақтау бөлімі қайта жарақталып, заманауи озық құрылғылармен жабдықталды. Оның ішінде құны 400 миллион теңге тұратын компьютерлік томография қондырғысы бар. 80 срезді аппарат адам ағзасындағы кінәратты дәл табады. Емдеу мекемесінің кіре берісінде ақпараттық киоск орналасқан. Қай науқастардың қай бөлімге жатқанын бірден сұрап білуге болады.
Аурухана «Көмек» медициналық ақпараттық бағдарламасына қосылған. Сол арқылы жедел жәрдем бригадасы алып келе жатқан науқас туралы толық мәлімет аурухананың қабылдау бөлімінде-ақ көрініп тұрады.
Сондай-ақ, келіп түскен сырқаттар жағдайына қарай сұрыпталып, жасыл, сары, қызыл аймаққа іріктеледі. «ТРИАЖ жүйесі медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп, дұрыс ұйымдастырудың ең тиімді амалы»,- дейді дәрігерлер.
Жанболат Ділдәбаев, Орталық аурухананың бас дәрігері:
Бұрынғы жан сақтау бөлімі науқастарға өте ыңғайсыз болатын. Қазір міне барлық жағдайды қабылдау бөліміне жақын орналастырдық. Бұл адамдарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ