Атыраудағы жағажайлар шомылу маусымына дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы жағажайлар шомылу маусымына дайын емес

12.06.2019

Атырауда шомылу маусымының басталуына екі-ақ күн қалды. Алайда, қаладағы жағажайлар мүлдем дайын емес. Арнайы орындар ашық-шашық күйінде аңғал-саңғал болып жатыр. Оның үстіне, шаһарда бірде-бір субұрқақ жұмыс істемейді. Қазір өңірде сынап бағанасы 40 градус ыстықты көрсетіп тұр. Шіліңгір ауа райы қысқанда жұртшылықтың су жағасынан табылатыны белгілі. Бірақ, Жайық жағасында тұрғындардың алаңсыз шомылуы үшін ешқандай жағдай жасалмаған.

 

Қала тұрғыны Венера Сейткерееваның мұнайлы аймақтағы жағажайларға көңілі толмайды. Ыстық пен қапырықтан ада болғанда амалсыз Жайық жағасын қалқан етеді. Ол жағалаудың жайсыз күйіне наразы. Оның пікірінше, құмсыз һәм дымсыз жатқан аумақ, суға түсуге қолайсыз көрінеді.

 

Венера Сейткереева, тұрғын:

Ешқандай топырақ төселмеген. Жаз басталып кетті.

 

Бүгінде 2 жағажайда құрылыс жүріп жатыр. Бұл жерлер кәсіпкерлерге сенімгерлік басқару арқылы жалға беріліп отыр. Алайда, жұмыстың қарқыны баяу. Қашан аяқталары белгісіз.

 

Жандос Темірғали, тілші:

Қаладағы жайсыз он жағажайдың бірі осы. Тұрғындар күннің ыстығында осындай белгіленбеген орында суға түсуге мәжбүр. Мұндай жерлерде шомылу өте қауіпті. Соңы адам өлімімен аяқталуы мүмкін. Мәселен, өткен жылы 9 адам Жайықта жан тапсырған. Оның екеуі бала.

 

Валерий Сейтқалиев, тұрғын:

Біз әрдайым судың түбі таза болған соң осы жылда шомыламыз. Дәл осы аумақта суға түсуге болмайды дейді. Бірақ ешқандай белгі жоқ. Мына жерді тазалап, абаттандырса, керемет жағажай шығар еді.

 

Жергілікті билік қараусыз қалған 5 жағажайды жандандырмақ ниетте. Ол үшін кәсіпкерлер керек. Бірақ, бизнес өкілдері бұл жерлер маусымдық болған соң иелік етуге құлықсыз. Өйткені, олардың шығыны көп шаруаға ұрынғысы жоқ.

 

Әлия Жамитова, қалалық әкімдіктің өкілі:

Қалған 5 жағажайға сенімгерлік басқару арқылы иелік ететін адам табылмаса, онда бұл жерлер қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне беріледі. Кейін бұл мекеме жағажайларды жөндеп береді.

 

Ыстықта қорған болар тағы бір нәрсе, ол су бұрқақ. Бірақ, қаладағы 31 фонтанның істен шыққанына 2 жылға жуықтады. Оны жөндеу үшін қазынадан 201 млн. теңге қаржы бөлінді. Жұмыстар 2020 жылы аяқталмақ. Әзір қатал климаттың құрсауында тұрған атыраулықтардың көлеңкеде амалдауына тура келетін сыңайлы.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

 

Хабарламаларға жазылу