Елімізде «Медицина жаныңызда» акциясы жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде «Медицина жаныңызда» акциясы жалғасуда

10.06.2019

Шалғай ауыл тұрғындарына дәрігерлік көмекті қолжетімді ету мақсатында құрылған жылжымалы медициналық кешен Түркістан облысы Атбұлақ елді мекеніне келіп жетті. Құрамында білікті дәрігерлері бар, медицинаның озық құралдарымен жабдықталған емхана осында бірнеше тәулік аялдап, тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетуде.

Жасы алпыстан асқан Рүстем Жанаев та тәжірибелі дәрігерлерден дертіне дауа іздеп келді. Қан қысымы жоғары болғандықтан, біраз жылдан бері арнайы есепте тұрады. Медициналық тексерістен соң дәрігерлер ауруды асқындырып алмауды, өзіне күтім жасаудың жайын түсіндірді. Қажетті ем шараларды белгілеп берді.

Рүстем Жанаев, ауыл тұрғыны:

Бүйрек, бауыр, жүректі тексеріп, анализдерді алып, холестерин деңгейін анықтап жатыр. Міне, соның арқасында халық қаржы жағынан  болсын, уақыт жағынан болсын, үлкен көмек алуда.

Тәжірибелі мамандар Рүстем қария секілді Атбұлақ ауылындағы екі жарым мың адамға сырқатын айқындап, қолдан келген емін жасауға тырысып жатыр. Ал ауруы асқынғандар медициналық тексерістен соң аудан немесе облыс орталығындағы ауруханаларға жіберіледі.   

Бекзат Сланов, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Жыл бойында 91 мың  шалғай елді мекендерде орналасқан халыққа қызмет көрсететін болса, оның ішінде 8 мыңға жуығы шұғыл медициналық көмек алды. Облысқа жетпеген науқастар осы жерден амбулаториялық ем алуда.

Жылжымалы медициналық кешенде он екі мүшеңді  тексеріп, әрбір аурудың емін айқындап  беретін невропатолог, травматолог, гинеколог секілді 8 дәрігер жұмыс істейді. Медициналық зертхана, УЗИ, және тіс жұлуға арналған  арнайы құралдармен жабдықталған. Ауыл тұрғындарына елімізде келер жылдың қаңтарынан бастап жүйеге енетін медициналық сақтандыру туралы да түсіндірілді.

Лаура Сапарбекова, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы:

Халыққа көрсетіліп жатқан тегін медициналық қызметіміз сол күйінше қалады. Екінші пакет, ол медициналық сақтандыру қорының пакеті. Яғни ақылы көрсетілетін қызметтерді жолдама арқылы тегін алуға мүмкіндік беріледі. Сақтандырылған азамат көмегін ала береді. 

Денсаулық сақтау министрлігі бастамашы болған «Медицина жаныңызда» акциясы жалғасады. Жылжымалы медициналық кешен биыл өңірдегі  Атбұлақ секілді 45 ауылға арнайы барып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетпек.  

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу