Қазақстандағы автогаз құю бекеттерінің басым бөлігінде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы автогаз құю бекеттерінің басым бөлігінде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған

06.06.2019

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты. Бекеттер адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін нысандар қатарына жатады. 

Елімізде сұйытылған газбен жүретін көліктердің саны күн сайын артып келеді. Жүргізушілер 150-500 мың теңгенің аясында тұратын құрылғыны орнатады да, көп ұзамай сол қаражатын қайта ақтап алады. Сұранысқа сәйкес автомобиль газын құятын бекеттердің саны да көбейді. Еліміздегі 3 мыңнан астам жанармай құю бекетінің 1 мың 200-ге  жуығында сұйытылған газ сатылады.

Владимир Овчинников, Нұр-Сұлтан қаласы индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің басшысы:

Қалада газ құю бекеттерін ашуға рұқсатты біз береміз. Кейін сол нысандарды тексерген кезде 58 бекеттен 434 ереже бұзу дерегін анықтадық. Тіпті, 7 газ құю бекеті бізден рұқсат алмай жұмыс істеп келген. Олардың жұмысын тоқтаттық.

Бұл тек жалпы талаптардың бұзылу деректері. Төтенше жағдайлар комитеті былтыр 648 нысанға тексеру жұмыстарын жүргізіп, 434-інде өрт қауіпсіздігі сақталмағанын анықтады. Биыл 125 тексеріс жүргізіліп, тағы 84-і талапқа сай келмей шыққан. Бұл жерде заңды сауал туады. Төтенше жағдайлар талаптарына сай келмесе, нысан жұмыс істеуге рұқсатты қалай алды? Бұл да заңмен шектелген екен.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

2011 жылдан бері біз жаңа нысандарды пайдалануға берген кезде қауіпсіздігін тексеретін комиссия құрамында жоқпыз. Яғни олар жұмысын біздің рұқсатымызсыз бастай береді. Одан соң біз нысанды 3 жыл бойы тексере алмаймыз.

Бекеттің талапқа сай болмауы осында жұмыс істейтін қызметкерлердің, келіп сұйытылған газ сатып алатын сіздердің де өмірлеріңізге қауіп төндіреді. Маңайда жағылған бір шырпы үлкен жарылысқа алып келуі әбден мүмкін.

Нысанды іске қосар алдында, және содан кейінгі 3 жыл ішінде өрт қауіпсіздігін тексеру үшін Кәсіпкерлік кодекске өзгерістер енгізу керек. Төтенше жағдайлар комитеті бұл бағытта жұмыс істеп жатқандарын айтты.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу