Ортақ энергетикалық нарық құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ортақ энергетикалық нарық құрылады

09.07.2014
Ортақ энергетикалық нарық құрылады

Қазақстан, Ресей, Беларусь арасында ортақ энергетикалық нарық құрылады. Осы бағытта келер жылдың 1-шілдесіне дейін әзірленуі тиіс тұжырымдаманы бүгін Алматыда бас қосқан үштік өкілдері пысықтады.

Айтуларынша, Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ энергетикалық нарығы жұмысын іс-жүзінде 2019 жылы бастайды. Бүгінде үш елдің қуат өндіру саласы қарқынды дамыған.

Сондықтан, энергонарық мәселесінде үш елдің ұлттық нарығы құрылымдық жағынан жақындастырылып, бірыңғай энергетикалық саясат қалыптаспақ. Ұлттық экономиканың әлеуеті артып, мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қуат қорларын өндірушілер мен тұтынушылардың мүддесі қорғалатын болады. 

Даниал Ахметов, Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым бойынша министрі:

Біз бұл тұжырымдаманы әзірлеуде  әлемдік тиімді модельдерді қарастырдық. Бағдарлама қалыптаспаған соң, дәл қандай үлгі қабылданатынын айта алмаймын. Алайда, Скандинавияның қалыптастырған үлгісі электр энергиясын үнемді жұмсауға әрі ел экономикасының дамуына септігін тигізді. Сол сияқты еуропалық, америкалық модельдер бар. Меніңше, ортақ нарық Еуропа моделі бойынша қалыптасады. Өйткені, онда әр елдің ұлттық мүддесі қатаң қорғалған.

Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу