Павлодарда стадион орнына үй салынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда стадион орнына үй салынбақ

04.06.2019

Павлодар қаласының әкімшілігі қаланың қақ ортасындағы стадионды жеке кәсіпкерге сатып жіберген. Кезінде №39-шы мектеп иелігінде болған нысан бала санының аздығына байланысты 2016 жылы шаһардың коммуналдық меншігіне қайтарылған. Осыдан кейін құрылыс бөлімі бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге ұсыныпты. Бірақ ешкім алмаған көрінеді.

Сөйтіп аумағы 1 гектарға жуық стадионды жалға беру үшін аукционға шығарылады. Сатып алушы бірден табылған. Аренда құны — 1 073 000 теңге. Қазір жеке кәсіпкер осы аумақта құрылыс жүргізу үшін құжат дайындап жатыр.

Ермұрат Нұрханов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:

Біз бұл жерді көпқабатты үй құрылысына беріледі деп аукционға шығардық. Әзірге мемлекет меншігінде. Үш жылға жалға алды. «Атлант ПВ» ЖШС. Кейін жалға алу мерзімін ұзартуға немесе жерді өз иелігіне сатып алуға құқылы. Алдын-ала мәліметке қарағанда 9 қабатты 180 пәтерлік үй салу үшін құжат дайындап жатыр.

Стадионның сатылуына қатысты әлеуметтік желідегі жергілікті тұрғындардың наразылығынан кейін жер сатылмайтын болды. Қала әкімі жер қатынастары бөліміне келісім-шарттың күшін жою және стадионды жаңарту жұмыстарын қолға алу жөнінде нұсқау беріп, шешім шығарған. Ал, жалға алған кәсіпкер келіспеген жағдайда стадион сот арқылы кері қайтарылмақ.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу