Бұған - Алжир мұражайының жаңа жәдігерлері дәлел. Соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінен осы қапаста отырған тұтқындардың ұрпақтары шығып, қолдарындағы дәйекті құжаттары мен бұйымдарын Қазақстандағы мұражайға өткізіп жатыр. Сондай жандардың бірі ресейлік Вера Грюнберг-Иванникова. Ол жақында әжесі Валентина Грюнберг туралы білу үшін арнайы келіпті.
Әжемнің басынан өткерген қасіретті жылдарын мен енді сезініп жатырмын-деді Алжирдегі зұлмат кезеңнің естеліктерін көрген Вера Иванникова. Вераның әжесі Валентина Грюнберг 1938-1946 жылдары 8 жыл тұтқында болған. Ұрпақтарыма кесірім тимесін деген ниетпен Валентина бұл туралы ауыз ашпапты.
Вера Грюнберг Иванникова, Мәскеу қаласының тұрғыны:
Бұл біздің отбасымыздың үлкен құпиясы болған. Маған мұны әжем де, анам да айтпады. Мен 90-жылдары білдім. Анамнан әжем тұтқында болған екен ғой деп сұраймын. Алайда, ол уақытта инсульт алған анам сөйлей алмайтын. Тек көзін жұмып "ия" деп ишарат білдірді.
Валентина Грюнберг тұтқынға 40 жасында алынған. Күйеуі Юлии Грюнбергке контрреволюция ұйымына қатысты деген айып тағылып, атылған. Ол кезде қыздары Елена 15 жаста еді. Балалар үйіне алып кетпес үшін, жасын 16-деп көрсетеді. Сөйтіп ол нағашы әжесімен бірге қалады.
Мамандардың айтуынша мұражайдағы тарихи жәдігерлердің саны артып келеді. Тұтқында болғандардың ұрпақтары әжелерінің пайдаланған заттарын әкеліп өткізеді екен. Вера Иванникова да әжесінің пайдаланған бұйымын әкелген.
Ал ең құнды құжат - Валентина Грюнбергтің қызына жазған хаты.
Сүйікті Ленам менің! Жағдайың қалай? Мен қартайдым. Күн өткен сайын денсаулығым нашарлап барады. Егер қиын болмаса, қара бидай ұны мен күздік бидайдан жасалған кепкен нан салып жібересің бе? Мені бір қуантар едің...
1946 жылы мерзімі біткен Валентина еліне қайтады. Алайда оның 8 жыл тартқан азабы мұнымен бітпейді.
Вера Грюнберг Иванникова, Мәскеу қаласының тұрғыны:
Әжеме анаммен бірге тұруға тыйым салды. Саяси тәртіп қатаң. Сіз қаладан тыс өмір сүруіңіз керек деп, әжемді алыс ауылдағы коммуналкаға апарып тастады. Ол жақта жағдайы тіпті нашарлады. Оларды ақтағаннан кейін ғана Мәскеуге анамның қолына келді.
Валентина Грюнбергтің өмірден өткеніне жарты ғасырдан асыпты. Немересі Вера әжесінің Алжир тозағынан аман шыққанын - қазақ жұртының жанашырлығының арқасында деп біледі. Оған мына естеліктер куә.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ